{metadescription}
Алматыда карантинде отырған 22 мыңдай тұрғынға қосымша күш жұмылдырылды
Алматыда карантинде отырған 22 мыңдай тұрғынға қосымша күш жұмылдырылды

Алматыда карантинде отырған 22 мыңдай тұрғынға қосымша күш жұмылдырылды

Алматы іргесінде тұтастай оқшауланған «Асыл Арман» тұрғын үй кешеніне қосымша күш жұмылдырылды. Өйткені үйде жатып жалыққан жұрт карантиндік тәртіпке бағынбай, бейберекет далаға шыға бастапты. Сондықтан 22 мыңға жуық адамды қадағалауға әскери міндеттілер тартылды. Қоршалған аумақты күні-түні күзететін сарбаздар енді ережені елемейтін жұртты тырп еткізбей, вирустың қауіптілігін түсіндірмек.

«Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің толық карантинге жабылғанына бүгін бесінші күн. Төрт қабырғаға телміріп отырған тұрғындардың коронавирусқа деген қаупі сейіле бастағандай. Өйткені үйде отырып жалыққан кей тұрғындар далаға шығып, себепсіз серуендейтіндер көбейген.

Арман Масабаев, «Асыл Арман» кешенінің тұрғыны:

- Бірінші күндері адамдардың барлығы қорыққандықтан үйіне жатып алған болатын. «Асыл Арманда» тірі жан белгісі болмайтын. Қазір күн жылынып, адамдар далада таза ауамен тыныстап жүр. Ал кішкентай балалар ата-анасымен бірге ойнап жүр. Оның өзі кем дегенде, жарты сағат немесе бір сағат қана.

22 мыңға жуық тұрғыны бар аумақты толық қадағалауға тәртіп сақшылары қауқарсыз. Сондықтан оқшауланған кешенге қосымша күш жұмылдырылды. Енді облыс аумағындағы кешенді 78 сарбаз күні-түні күзетеді. Сан түрлі саладан келген азаматтар сын сағатында әскери міндетін атқаруға өздері өтініш білдіріп, іріктеуден сүрінбей өткен.

Самұрат Сағынаев, взвод командирі: 

- Осында өз еркімізбен халқымызға көмектесу үшін келдік. Сендер де үйде отырып, бізге көмектесуді сұраймыз. Бұл жерде халықтың карантин кезінде үйінен шықпай, кіргізбей, тек азық-түлік және жедел жәрдем көліктерін қатаң тексеруден өткіземіз. 

Қауіпті дерт «Асыл Арман» тұрғын үйіндегі №12 үйде тұратын екі әйелден табылған болатын. COVID-19 вирусын жұқтырған бір науқастың құрсағында сәбиі болса, екіншісінің жасы 61-де. Дәрігерлер олардың жағдайы қалыпты деп отыр.

Көпқабатты үйдің әр бұрышында форма кигендер төбе көрсете бастағаны сол еді, арлы-берлі жүргендер сап тыйылды. Балалардың ойын алаңы да лентамен қоршалып, әткеншектерге ескерту қағазы жабыстырылыпты. Доп қуып асыр салған ешкім жоқ. Тұрғындардың айтуынша, дүкендегі сөрелер де босай бастапты. 

Виталий Карташев, «Асыл Арман» кешенінің тұрғыны:

Дүкендерде азық-түліктің азайғаны байқалады. Бірақ ең қажетті деген ұн өнімдері, өсімдік майы және т.б әлі бар. Біз ақпаратты патрульдік полициядан алып отырамыз. Олар бетпердесіз жүрмеуге кеңес береді. Дезинфекция жұмыстарының алдында ескерту жасайды

18 гектар аумаққа тауар тиеген көліктер ғана кіре алады. Шыға берісте тұрған темір қоршауда да тәртіп темірдей. Арлы-берлі өткендерді дәрігерлер жіті тексеруде. Жайшылықта қыз-қыз қайнайтын кешеннің тіршілігі тағы бір апта тұраламақ. Сондықтан құзырлы орган «Асыл Арман» тұрғындарына шыдамды болып, себепсіз үйден шықпауға шақырады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.