Аймақтардағы ахуал. Жағдайы ауыр науқастар. Қарттар үйіндегі қауіпті вирус
Елімізде коронавирус жұқтырған 20 науқастың жағдайы тым ауыр. Ауруы асқынған бұл азаматтар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Аймақтардағы ахуал да мәз емес. Әсіресе Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстары індет ошағына айналып барады. Тіпті қауіпті вирус қарттар үйіне де жеткен. Жабық мекемеге жұқпалы індет қайдан келді?
Автор: Диас Нұрақын
07.04.2020
Ауыл-аймақтағы ағайын алаңсыз жүргенде коронавирус кеулеп барады. Тіпті қауіпті кесел қарттар үйіне де жетті. Ақмола облысындағы «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 19 қариядан вирус анықталды. Олардың барлығы қарттар үйінде 4 сәуірде коронавирустан көз жұмған 73 жастағы зейнеткерден жұқтырған. Қазір орталықтағы жасы бар, жасамысы бар – барлығы 216 адам толық тексеріліп жатыр. Бөтен ешкім кірмейтін жабық мекемеге вирусты кім әкелгені әлі белгісіз.
Сүлен Ілиясов, Ақмола облыстық ДСБ басшысы:
- 19 адамнан қауіпті вирус анықталды. Барлығын қазір ауруханаға жатқызуға әзірлеп жатырмыз. Арасында 87 жастағы ата да бар. Жағдайлары әзірге орташа.
Шымкентте бүгін вирус жұқтырған алты адам анықталды. Олардың бесеуі бір отбасының мүшелері. Барлығы науқаспен тығыз байланыста болған.
Айгүл Бекбауова, Шымкент қалалық ДСБ басшысының орынбасары:
- Бұл науқастардың барлығы 5-ші сәуір күні індетке шалдыққан 24 жасар азаматтың тығыз байланыста болған отбасы мүшелері. Бұл тұлғалар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында бақылауда болған. Науқаспен байланыста болған 75 азамат оқшауланып, медициналық бақылауға алынды.
Атырауда науқастар саны 32-ге жетті. Бүгіннің өзінде үш азаматтан ауру белгілері табылған. Арасында 82 жастағы қария да бар. «Пневмония диагнозы қойылған ақсақалдың жағдайы тым ауыр», - дейді дәрігерлер. Жалпы елімізде тынысы тарылып, өздігінен демаулы мұңға айналған 20 науқас бар. «Хәл үстінде жатқан бұл азаматтар арнайы аппаратқа қосылды», - дейді Денсаулық сақтау министрі.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазір ауруханаларда 680 ауру. Олардың 20-сы жағдайы нашар. 7-і жасанды вентиляцияда. Кеше үш науқас жасанды вентиляциядан түсіп, жағдайы кішкене жақсарды. Орташа деңгеймен – 88, жеңіл жағдайда – 510 науқас. Жалпы ел бойынша байланыста болғандар – 19 мың. Олардың 97 пайызы табылып, оқшауландырылды.
Қарағанды халқы да «үйден шықпаңыз» деген үндеуге құлақ аспай отыр. Бұл өңірде бір күнде 7 жағдай тіркелді. Барлығы шетелге бармай-ақ, ауыл арасында жүріп бәлеге душар болған.
Жалпы соңғы бір тәулікте елімізде коронавирусқа шалдыққан 56 науқас анықталды. Әдеттегідей Нұр-Сұлтан қаласы сүреңсіз статистканың басында тұр. Алматыдағы ахуал аздап болса да жақсарған. Соңғы тәулікте оңтүстік шаһардағы вирустың таралу жылдамдығы сәл-пәл тежелді.
Есесіне Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстары індет ошағына айналып барады. Дәл қазіргі сәтте республика бойынша ауырғандар саны 685 ке жетті. Оның 50-уі құлан-таза айығып, 6-уы мәңгілік мекенге аттанды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!