Экономика емес, адам жаны алғы шепке шықты
АҚШ-та бір тәулікте коронавирустан көз жұмғандардың саны 2 мыңға жетті. Бұл өлім статистикасындағы бүгінге дейінгі ең жоғарғы көрсеткіш. Ал Таиланда қауіпті кеселде дәрігерлерге көмектесуге роботтар сапқа қосылды. Жаһанды алаңдатып, үрейге бөлеген ауруға байланысты БҰҰ да ұсынымын айтып, біздің арнаға арнайы сұхбат берді. Толығырақ әлемдегі соңғы жаңалықтарды әріптесім Асқарбек Қазанғап баяндасын.
Автор: Асқарбек Қазанғап
08.04.2020
АҚШ коронавирус бойынша қайғылы көрсеткіште көш бастады. 24 сағат ішінде 2000 адам жан тапсырған. Ығы-жығы, қым-қуыт тіршілікпен қыз-қыз қайнап жататын Нью-Йорк көшелері бір-ақ сәтте босап қалды. Тұнжыраған тұрғындар нәубеттің салдары 2001 жылғы теракттан кем түспейді деп күрсінеді.
Нью-Йорк тұрғыны:
- Мына эпидемияның қаншалықты қауіпті екенін, шыны керек осы уақытқа дейін түсінбей келдік. Күн сайын коронавирустан көз жұмғандардың саны артып барады. Қазір дүкенге азық-түлік алудың өзіне қорқып қалдық.
Америкада қауіпті кеселдің қақпанына 400 мыңнан астам адам түсті. Эпидемиологтар бұл дерттен АҚШ-та 240 мыңға жуық азамат өлуі мүмкін деген болжамын ашық айтып отыр. Ал Таиланд барынша сақтық шараларын күшейтуге көшті. Ақ халаттылардың қатарын «Пинто» атты робот толықтырып жатыр. Ақылды аппарат науқастарға тамақ пен дәрі тасиды. Осылайша дәрігерлер мен медбикелердің коронавирус жұқтыру қаупі азаймақ. Қазірдің өзінде 50 аурухана осы роботқа тапсырыс берген. Біреуінің құны 1600 доллар. Дүниені дүр сілкіндірген дерт жаңа механизмдерге жол ашуын БҰҰ да құптайды. Кеселдің кесіріне қатысты өз ұсынымын да жариялады. Бірінші кезекте әлеуеті төмен әлеуметтік топ тасада қалмауы қажет. Ал, кәсіпорындардың тоқтап, мұнайға сұраныстың еселеп төмендеуі экономиканы құлдыратқанымен, экологияға орасан зор пайда әкелгенін халықаралық ұйымның атқарушы хатшысы Армида Салсия Алишахбана бізге берген сұхбатында жеткізді.
Армида Салсия Алишахбана, БҰҰ Экономика және әлеуметтік комиссияның атқарушы хатшысы:
- Мұнай мен газға сұраныстың азаюы қоршаған ортаның жаңа тынысын ашты. Енді көміртекті аз бөлетін экономиканың жаңа саласына көңіл бөлу қажет. Қоғамдық денсаулық сақтаудың төтенше жағдай кезіндегі қоры жекелеген мемлекеттерге, әсіресе кедей елдерге көмектесуге үлкен сеп болар еді. Бізді қазір табысы төмен елдердегі жұмыссыз қалған адамдардың жағдайы алаңдатып отыр. Мына жағдайда теңсіздік деген болмауы тиіс. Адамдардың жұмыс орны мен күнкөріс көзін барынша сақтауға күш салынуы керек.
Қазір әлемде экономика емес, адам жаны алдыңғы шепке шықты. Соңғы статистика бойынша вирусты жұқтырғандардың саны 1 млн 400 мың адамға жетіп, 82 мыңы бұл дүниемен қош айтысты. Ал Италияда аурудан айыққан 104 жастағы Ада есімді әженің оқиғасы науқастарға үміт отын жаққандай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!