COVID-19: Қарияның диагнозы мәйітті зерттегенде анықталған
Ақмола облысында қарттар үйінің тағы бір тұрғыны коронавирустан көз жұмды. Алайда диагноз 91 жастағы қарияның қазасынан соң, мәйітті зерттеу кезінде ғана анықталған. Бұл қарттар үйінде 19 адам вирустан ем қабылдап жатыр. Бүгін мекеменің тағы бір жұмысшысынан ауру белгілері табылған. COVID-19 мыңдаған адам вахталық әдіспен жұмыс істейтін Теңіз кен орнынан да шықты. Жалпы еліміз бойынша індет жұқтырғандар тізіміне жаңа 12 науқас қосылды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
08.04.2020
Ақмола облысында коронавирусқа қатысты ахуал ушығып барады. Бүгін мұнда тағы бір науқастың қауіпті індеттен көз жұмғаны белгілі болды. Марқұм – 91 жастағы қария. Ол да бұған дейін бір тұрғыны көз жұмып, тағы 19-ынан індет анықталған «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан. Тек әжейдің Covid-19-ды жұқтырғаны қайтыс болған соң белгілі болыпты.
Сүлен Ілиясов, Ақмола облыстық ДСБ басшысы:
- Алтыншы сәуірде Целиноград ауданының тұрғыны көз жұмды. Марқұм 1929 жылғы. Ол бұған дейін қайтыс болған 73 жасар қариямен байланыста болған. Кейуанамен қарым-қатынаста болған адам саны 216. Айта кетерлігі, марқұмның коронавирус жұқтырғаны кеше мәйітті зерттеу кезінде белгілі болды.
Егде жасына байланысты әжейдің бірқатар ауруы болған. Оның ішінде созылмалы бронхит те бар. Сондай-ақ, бүгін аталмыш қарттар үйінің еден жуушысынан да вирус анықталыпты. Осыны қосқанда бүгін елімізде жаңадан 12 адам Covid-19-бен тіркелді. Оның төртеуі – Атырау облысында. Төртеуі бұрын вирус расталған науқаспен байланыста болған. Ал 40 жастағы әйелдің Теңіз кен орнында жұмыс істегені белгілі болды. Яғни, вахталық қалашықта тұрған.
Әлия Жәмитова, Атырау облыстық Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі штабтың ресми өкілі:
- Жылыой ауданы Теңіз кен орнындағы вахталық ауылда 40 жастағы әйелден коронавирус диагнозы расталды. Қазір ол ауруханаға жатқызылған. Науқаспен байланыста болғандар тізімі анықталды. Олар да оқшауланған. Енді бәрі коронавирус бар-жоғын анықтайтын тесттен өтеді.
Іле-шала, «Теңізшевройл» компаниясының өкілдері бұл жағдайдың өндірістік жұмыстарға еш әсер етпейтінін мәлімдеді. «Коронавирус шықты екен деп, мұнай өндіру тоқтап қалмайды» деп отыр.
Қызылордада тағы 6 адам вирус жұқтырыпты. Өңірдегі індеттің өршуіне «жұрттың жауапсыздығы себеп» дейді дәрігерлер. Мәселен, мұнда студент қыз үйінде сауық кешін ұйымдастырып, достарына коронавирус жұқтырған. Осыны мысалға келтірген облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жағдайға бей-жай қарамауды ескертті.
Жақсылық Әбдусәметов, Қызылорда облыстық ДСБ басшысы:
- Тұрғындардың арасында әлде де коронавирусқа байланысты қалыптасқан жағдайға жете мән бермейтіндігі, жағдайды түсінбейтіндігі анықталып отыр. Кейбір науқастар тесттің нәтижесіне сенімсіздік білдірсе, ал кейбір қарым-қатынаста болған азаматтар карантинге, оқшаулауға қарсылық білдірген.
Маңғыстауда тағы бір науқастың індет жұқтырғаны белгілі болды. Қазір еліміздегі коронавируске шалдыққандардың жалпы саны 709-ға жетті. Олардың ең көбі бас қала – Нұр-Сұлтанда 222 адам тіркелген. Ал Алматыда 119 науқастан диагноз расталды.
Жағымды жаңалық та жоқ емес. Бүгін Алматыда екі адам індеттен айығып, жұқпалы аурулар ауруханасынан шығарылды. Бірі – 31 жастағы ер адам, екіншісі – 30-дағы әйел.
Нұр-Сұлтан қаласында бір адам коронавирусты жеңіп шыққан. Енді олар екі апта үй карантинінде болады. Осымен елімізде қауіпті індеттен 54 адам жазылып шықты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!