ДДҰ: Коронавирус шошқа тұмауынан он есе қауіпті
Коронавирус шошқа тұмауынан он есе қауіпті. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағылар мәлімдеді. Олар осыдан 10 жыл бұрынғы жағдайды еске ала отырып, Covid-19 бен H1N1-ді салыстырып қараған. Айтуларынша, шошқа тұмауынан әлемде 18 мыңнан астам адам қайтыс болыпты. Ал коронавирустан көз жұмғандар 120 мыңнан асты. Сондай-ақ бұл соңғы статистика емес дейді мамандар.
Автор: Салтанат Шырынхан
14.04.2020
Тедрос Аданом Гебреисус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:
- Бәріміз Covid-19-дың тез таралатынын және 2009 жылы тұмау пандемиясынан 10 есе қауіпті екенін көріп отырмыз. Вирус қарттар үйі сияқты, адамдар көп жиналатын жерде тез таралады. Сондықтан ауруды бұдан да әрі өршітіп алмай, ауыздықтауға ерте анықтап, оқшаулап, қатаң қадағалауға алу керек.
Бүгінде әлем бойынша індет жұқтырғандар саны 2 млн-ға жетіп қалды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағылар вирусты вакцинасыз толықтай тоқтату мүмкін болмай жатқанын, пандемияның тез таралуы және баяу қарқындылығымен қауіпті екенін айтады. Сондықтан қазір қауіпті індет өршіген елдердер карантин мерзімін айдың соңына дейін созды. Әдеттегідей АҚШ коронавирус жұқтырғандарға қатысты статистика бойынша алдыңғы орынды бермей келеді. Бұл елде коронавирустан көз жұмғандар саны 20 мыңнан асқан. Ал кесел жұқтырып кереуетке таңылғандар 580 мыңға жетті.
Италия мен Испанияда да өлім-жітім көбейіп барады. Ал Ресейде осы қауіпті кеселден бір күнде 22 адам көз жұмды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!