Репортаж: Алматы облысының жұрты карантинге қалай қамдануда
Карантин алдындағы қарбалас. Түнгі 12-де Алматы облысы жабылатынын естіген жұрт азық-түлік алуға жаппай қамданып жатыр. Оқшаулануды бірі құптаса, екіншілері уайымға да салынған. 15-ші сәуірде карантинге жабылатын тағы бір облыс – Шығыс Қазақстандағы ахуал қандай?
Автор: Асқарбек Қазанғап
14.04.2020
Тып-тыныш Талдықорғандағы қазіргі тіршілік қызу. Дүкен жағалаған, көлігін азық-түлікке лық толтырып жатқандардан көз сүрінеді. Көбі карантиннің алғышарты осы деп қабылдағандай.
Болат Сәбілхан, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Азық-түлік, дәрі-дәрмек, керек жарақты сатып алдық. Үкіметтің тыйымдарына бағынамыз ғой.
Азығын сайлағандардың енді «не істейміз?» деген саналарында сары уайым сұрағы бар.
Рахат Оразбек, Талдықорған қаласының тұрғыны:
- Жер үйде тұрамын. Бау-бақшамды шұқылаймын ғой, балаларыммен. Ағаштарға су құйып деген сияқты. Енді не істейміз? Бар уақытымды бақшамда өткіземін.
Ал жолда жөн-жосықсыз жүргендер мен карантин ережесін елемегендерді, қала әкімі аңдуға көшкендей. Көзіне көрінгендерге зекіп жатқан атқамінердің видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
- Қандай мәселемен көшеде жүрсің? Дәріхана? Бұл жерде қай дәріхана? Неге өтірік айтасың? Әй, қыз, келіншек!
Бірақ, «әй» деген әкімнің әмірін құлағына ілмегендері де табылды. Қалай дегенмен, тұрғындардың төтенше жағдай тезіне тез түсуі оңай болмайтындай. Мұндай қарбалас Шығыс Қазақстан облысынан да байқалады. Ондағы жеті шағын қала мен 10-нан астам аудан орталығы да өз шекараларын түнгі сағат 12-де тарс жабады. Қазір қалаға кіреберіс қақпаларға бекет қойылып жатыр.
Ольга Булавкина, ШҚО Бородулиха ауданының әкімі:
- Тұрғындардың жүріп-тұруы қатаң бақылауға алынады. Жұрттың қолында рұқсат қағазы болуы тиіс. Ал, кешкі сағат 21-00 ден таңғы сағат 5-ке дейін адам тұрмақ, көліктің жүруіне тыйым салынады. Бұл шектеулер елімізде енгізілген карантин аяқталғанша жалғасатын болады.
Тәртіп бәріне қатаң. Шектеуге шекесінен қарайтындар жазасын арқалайды. Індетте үйде болу – міндет. Бастапқыда елдің бас қалаларында енгізілген күшейтілген карантиннің эстафетасы бүгін түнде басқа облыстарға жолданады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!