Шенеуніктер жаңа заңнамадағы ұсыныстарды білмейді екен
Мәжіліске жіберілетін заң жобаларын министрлердің оқитынына депутаттар сенбейді. Өйткені шенеуніктер бүгінгі отырыста жаңа заңнамадағы ұсыныстармен таныс болмай шықты. Заңды «қате» деп мойындаған үкімет мүшесі ақыры спикерден сөз естіп тынды.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
15.04.2020
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:
- Осы заң жобасын әзірлеушілер мына заң жобасын ұсына отырып, «мұндай нысандарға адам көп келмейді» деп жазады. Бұл жерде не айтуға болады? Бір ғана сұрақ туындайды: Министрліктер мен ведомстволардың бірі болсын, Мәжіліске жіберген заң жобасын оқыды ма өзі?»
Төрағаның бұл дәлелінен сасқаны соншалық, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бірден «ұсынысты алып тастаймыз» деген жауап қайырып құтылды. Ал заңнамадағы ұсыныстың сарыны мынадай: 600 орындық мектеп, 800 адам сиятын ойын-сауда орталықтарын, бес қабатты тұрғын үйлерді еш құжаттамасыз салуға рұқсат беру. Яғни, құрылыстың бой көтеруіне не жобалық-сметалық, не сараптама құжаттары қажет болмайды. Мәжілісмендер құрылыстың сапасы былай тұрсын, адам өміріне қауіп төнетінін айтып шыр-пыр болды. Ұсынысқа жаппай қарсы шыққанымен, халық қалаулылары заң жобасын әдеттегідей бірінші оқылымда мақұлдап берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!