{metadescription}
Алматы ауруханасында дерт жұқтырған дәрігерлердің жанайқайы
Алматы ауруханасында дерт жұқтырған дәрігерлердің жанайқайы

Алматы ауруханасында дерт жұқтырған дәрігерлердің жанайқайы

Дерттің алдында дәрігерлер неге дәрменсіз?! Алматыда нағыз ауру ошағына айналған атышулы аурухананың тағы 35 қызметкерінен Covid-19 вирусы анықталды. Қазір орталық қалалық клиникалық аурухананың 182 қызметкері қауіпті кеселмен күресуде. Оған қоса 18 пациенттен де вирус табылған. Қарамағындағы қызметкерлері жаппай вирус жұқтырып жатқанда емдеу мекемесінің бас дәрігері де қызметінен босатылып, орнына басқа басшы тағайындалды.

Оған қоса, карантинде жатқан аталмыш медициналық мекеменің гинекологтары кешелі бері жанайқайларын жеткізіп, шу шығарып жатыр. Дерт жұқтырған дәрігерлердің жанайқайын тілшіміз тыңдап келді.

Арнамызға жанайқайын жеткізген бұл дәрігер кесел жұқтырдың бірі. Бірақ ол: «Тест нәтижесін көзбен көрмедім» деп налиды. «Үрей құшағында емделіп жатырмын» деген Тоты Бекболатқызы сол атышулы орталық қалалық клиникалық аурухананың гинекологы екен.

Тоты Бекболатқызы, Орталық қалалық клиникалық аурухананың гинекологы:

- Біздің клиникаға респираторлық вирустық ауруларды ауруханаға жатқызу туралы бұйрықты Денсаулық сақтау басқармасының өзі шығарды емес пе? Сіздерді қауіп-қатер тобына қатысымыз жоқ деп сендіргісі келеді. Қауіпті білген карантиндік және болжалды стационарларға қарағанда, біз болсақ соқыр тәуекелмен жұмыс істедік. Мен оң нәтижесін көрген жоқпын. Тізім болды. Сөйтіп мені осында әкелді.

Дәлізде жиналып, шу шығарған дәрігерлер де Тоты Бекболатқызының әріптестері. Карантинде жатқан орталық қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлері «Көктем» шипажайын басына көтерді. Басты мақсат – гинекология бөлімінің басшысын коронавирус жұқтырғандардың ортасына жібермеу. Гаухар Әмірееваның өзі де «сап-саумын» деп шыр-пыр болды.

- Заңды білемін. Егер менде оң нәтиже болса. Онда мен инфекциялық ауруханаға бірінші болып жүгіріп жетуші едім. Менде - теріс. Демек, ешкім мені алып кетуге қақысы жоқ.  

Жиналғандар – жаппай қауіпті дертке душар болған дәрігерлермен күнделікті бірге істеген, қоян-қолтық араласқан әріптестері. Сондықтан олар әу баста COVID-19-ға тест тапсырып, барлығының нәтижесі теріс болыпты. Ең қызығы, қорғаныш киімін кигендер тек бөлім басшысын инфекциялық ауруханаға жатқызбақ.

- Бұл әрекетті мынамен байланыстырамын: кеше фейсбукте мен гинекология бөлімі азамат Молдағасымованы сотқа береді деп пост жазғанмын. Ол медицина қызметкерлерін айыптаған. Оның ешкімге жақпайтынын түсінеміз. Бірақ біз өз құқығымыз бен пікірімізді қорғағымыз келеді.  

Ақ халаттылардың айғайы Алматыда іс-сапармен жүрген Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыровтың да түн ұйқысын бұзды. Шенеуніктің өзі шипажайға келіп, наразы топқа басу айтты. Белгілі болғандай, аты-жөні бірдей екі дәрігердің сынамасы ауысып, қате кеткен екен.

- Кешірім өтінеміз. Қателік кеткен...

Қарамағындағы қызметкерлеріне коронавирустың жаппай жабысуынан кейін аталмыш медициналық мекеменің бас дәрігері Алмас Жуашев қызметінен босатылып, орнына Марат Абдуллаев келді. Алайда жаңа басшы көзге көрінбейтін кеселге төтеп беруі екіталай. Себебі, бүгін орталық қалалық клиникалық аурухананың тағы 35 қызметкерінен індет табылған. Тіпті, Алматының бас дәрігері де 14 күнге оқшауланып, кеңсесінде түнеп жүр.  

Тілеухан Әбілдаев, Алматы қалалық Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының басшысы:

- ОҚКА-да індет жұқтырған медицина жұмыскерлері саны 182 адамды құрайды. Ауруханада емдеуге жатқызылған және емделіп жатқан барлық пациенттерден, олардың саны 215 адамды құрайды, коронавирустық инфекцияға талдау алынды. 18 пациенттің талдауларынан оң нәтиже анықталды. Қазір бұл ауруханада дезинфекция жұмыстары жүргізілуде.

Ал шарасыз күйге түсіп шу шығарған гинекологтар вирус анықтайтын сынаманы екінші мәрте тапсыратын болды. Талай жанды ажалдан арашалайтын алматылық ақ халаттылардың ахуалы дүйім жұртты алаңдатып отыр. Науқастардың дертіне дауа іздеуге көмектесетін дәрігерлердің өзі қазір көмекке зәру. Сондықтан Денсаулық сақтау министрі бұл мәселеге қатысты тыңғылықты зерттеу жүргізуді тәжірибелі эпидемиолог Нұрхан Сәдуақасовқа тапсырды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде