Ұшаққа билет алғандардың ақшасы қашан қайтарылады?
Карантинге дейін ұшаққа билет алған жолаушылардың 85 пайызы ақшасын қайтара алмай жүр. Өйткені әуе компаниялары билет бағасын өтеуге құлықсыз. Мәселен, онлайн билет сататын Aviata мен Chocotravel компаниясы арқылы 4,5 миллиард теңгеге билет сатылған. Осы күнге дейін соның тек 15 пайызы төленіпті. Ал қалған қаржының қашан қайтарылатыны белгісіз. Себебін тілшіміз анықтап көрді.
Автор: Диас Нұрақын
16.04.2020
Сапарын сәуірге жоспарлап, Грузияда демалмақ болған Әселдің бар жоспары аяқ-астынан быт-шыт болды. Алматы тұрғыны демалысын достарымен бірге шетелде өткізуге қаңтар айында 130 мың теңгеге билет алып қойыпты. Алайда коронавирустың кесірінен наурызда барлық рейс тоқтатылды. Бірақ содан бері бір ай өтсе де, бойжеткен билет құнын қайтара алмай жүр.
Әсел Сәкенова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Негізгі мәлімдемесі 31-ші наурыз күні келген болатын. «Сіздің рейсіңіз өкінішке орай ұшпайды» деген. Содан бері бірінші күннен бастап қайтаруға өтініш берген болатынмын. Бірақ әлі күнге дейін ешқандай ақпарат жоқ. Тек «күте тұрыңыз», «электронды поштаңызды тексеріңіз» деген хабарлама келуде.
Жалғыз Әсел емес, еліміздегі ұшаққа билет алған жолаушылардың 85 пайызы екіұдай күй кешуде. Тіпті билет құнын кімнен даулаймыз деп бас қатырып жүргендері де көп. Өйткені көпшілігі онлайн сатып алған. Мәселен Aviata мен Chocotravel арқылы 4,5 миллиард теңгеге билет сатылыпты. Соның тек 600 миллион теңгесі қайтарылған. Ал қалғанын қашан қайтаратыны белгісіз.
Николай Мальцев, Aviata компаниясының директоры:
- Бізден билет алған жолаушылардың 80 пайызы ақшамызды қайтарыңдар деп жатыр. Бірақ ондай қомақты қаржы жоқ. Әуе рейстері тоқтағалы билет сатып жатқан жоқпыз. Сондықтан әуе компанияларынан ақша сұрадық. Олар да ешқандай табыс тауып отырмағанын айтып, бізге ақша аудара алмай отыр. Бірақ билет құнын қайтарудан ешкім қашпайды.
Демек жолаушылардың шыдаудан басқа амалы жоқ. Өйткені кей әуе компаниялары: «Карантин бітіп, әуе рейстері жанданған кезде ғана қарызды қайтарамыз» - дейді. Немесе билетіңізді басқа уақытқа алмастырып алуға болады екен.
Алайда алдын ала билет сатқан әуе компаниялары жолаушыларға бас-аяғы қанша қаржы берешек екені белгісіз. Бірақ осы сәуір айында ғана елімізде 4340 әуе кемесі ұшпай қалыпты. Осыдан-ақ әуе компанияларының миллиардтап қарызға батқанын аңғаруға болады. Ал пойызға билет алған жолаушылардың 80 пайызына билет құны толық төленген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!