{metadescription}
42500 төлемге таласқан табыстылар жауап береді
42500 төлемге таласқан табыстылар жауап береді

42500 төлемге таласқан табыстылар жауап береді

Табысы бола тұра, төтенше жағдай кезіндегі төлемге таласқандар заң алдында жауап береді. 42500 теңгені олар айыппұл ретінде еселеп қайтарады, тіпті темір торға тоғытылуы мүмкін. Бүгін Еңбек министрлігі әлеуметтік төлем алып, шала байып қалғандардың көңілін осылай су сепкендей басты. Жалпы осы уақытқа дейін 3 миллиондай адамға ақша үлестірілген екен. Енді оның 900 мыңға жуығы алғанынан кері қайтаратын сыңайлы.  

Әлеуметтік төлем сұрап өтініш білдіргендер саны 5 миллион 900 мыңнан асып кеткен. Үкімет барлығына бірдей ақша үлестірген жоқ. 2 миллионнан аса азаматтың арызы түрлі себепке байланысты кері қайтқан. Ал қалғаны 42500-ді алып бір жырғап қалып еді. Еңбек министрлігі бүгін біразының көңілін су сепкендей басты. Яғни, төтенше жағдай кезінде табысы тоқтамаса да, әлеуметтік төлем алғандар анықталған. Олардың саны тіпті 863 мыңнан асады.  

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі:

- 42 500 теңге әлеуметтік төлемі бойынша барлық тағайындаулардың негізі ТЖ тәртібі аяқталғаннан кейін бекітілген заң жүзінде қайта тексерілетінін мәлімдейміз. Әр өтінімге қатысты ұсынылған деректердің шынайылығына жауапкершілік жүктелген.

Айыппұлдың көлемі де аз емес. Яғни, төтенше жағдай кезіндегі әлеуметтік төлемге табысы бола тұра таласқандар 2 миллион 758 мың теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ал «байқаусызда» өтінім беріп қойғандар үшін Еңбек министрлгілігі ақшаны мемлекетке қайтарудың амалын да ұсынып отыр. Дәл осындай жайға тап болғандар 42 500 теңгені «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы»-ның шотына жібере алады

«Азаматтарға арналған үкімет» МК»:

БСН: 160440007161

БСК: GCVPKZ2A

ЖСК: KZ67009SS00368609110

ТТК: 049

Осы 42500-дің «жырымен» жүріп, алаяқтарға алданғандар да көп. Әсіресе елордада. Телеграмм-ботқа бүкіл мәліметін тізіп, өтініш жазғандар әлеуметтік көмектің орнына банктерге миллиондар қарыз болып қалыпты.

Данияр Оралов, Нұр-Сұлтан қалалық ПД өкілі:

- Адамдар мұны байқамай, яғни өзінің толық деректерін сол телеграм-ботқа жазып, өкінішке қарай, онлайн несие сол кісінің атына тіркеліп, ол ақша басқа азаматтардың карталарына түсіп жатыр. Сондықтан барша азаматтарға ескерткіміз келеді, алаяқтардың құрбаны болмас үшін. Көз і жеткізіп барып, мемлекет беріп жатқан төлемді рәсімдеулеріңізді сұраймыз.

Қызығы сол, алаяқтар пайдаланып жүрген телеграммдағы жалған аккаунт әлі жұмыс істеп тұр екен. Оны полицейлер бұғаттаймыз деп уәде беріп отыр.

Әлеуметтік желілерде ресми 18 бот жұмыс істейді. Ал халықты алдап соғатын алаяқтардың жалған боттарының саны - 80. Көбі қазіргі уақытта бұғатталып үлгерген. Бірақ тұрғындарды зар илеткен алаяқтардың өздері әлі күнге қолға түспеген.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде