Елордада бірінші рет бүтін бір тұрғын үй алабы карантинге жабылды
Елордада бүтін бір тұрғын үй алабы карантинге жабылды. Бас қалада мұндай жағдай бірінші рет болып отыр. Көшенің қақ ортасынан бетон блоктар қойып, аумақты түгел дезинфекциялап жатыр. Ал қамауда қалған жүздеген тұрғынның жүріп-тұруы қиындады. Біреулері не болып жатқанын әлеуметтік желіден бір-ақ білген. Қоршалған аумаққа тұрғындарды тек құжатын тексеріп қана жібереді. Тәртіпті қатаң сақтау үшін қарулы күзет қойылған. Бас қаладағы жағдайды тілшіміз баяндайды.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.04.2020
Қаладағы Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесінің бір тұсы бүгіннен бастап жабық. Таңертеңнен бастап бұл тұсқа блок тастар қойылған. Карантин аумағын полиция қызметкерлері қатаң бақылауға алған. Тәртіптің күштілігі соншалық, автомат ұстаған қалулы күзетті де байқауға болады.
Қоршалған аумақ Рысқұлбеков, Абылай хан және Мұстафин көшелерінің арасы. Карантинге алыну себебі, коронавирус анықталған адамдар осы төңіректе тұрған екен. Жалпы, бұл маңда қанша адам тұратыны белгісіз. Автоматын асынғаны бар, жәй полицейі бар барлығы таңертеңнен бұл жерді қырағы күзетке алған. Екінің бірін бұл жаққа емін-еркін жібермейді. Құжатын тексеріп, сол аумақтың тұрғыны екеніне көз жеткізу керек.
Жағдайдың аяқасты өзгергеніне кей тұрғындар аң-таң.
Гүлфия Иманбердиева, қала тұрғыны:
- Бұл туралы әлеуметтік желілерден білдім. Ешқандай ескерту көрмедім. Таңертең оянсақ, бәрі жабық. Көшелер мен аулаларды дезинфекциялап жүр екен. Біраз сескеніп қалдық.
Думан Қайыпов, қала тұрғыны:
- Шығу қиын болып кетті. Барлық жер жабық. Канцтауар алайық десек, барлық жер жабық. Балаларды оқыту керек. Сондықтан да қиын. Таксистер әкеліп беріп жатыр. Бірақ кіргізбейді. Ар жақтан күтіп алуға туры келіп тұр.
Аталған аумақ карантинге қоршалғаннан кейін әскерилер техникаларын алып келіп түгел дезинфекциялауға көшкен. Ауыр техникалар көше-көшені аралап, химиялық ерітіндіні шашса, олардың ізін ала ақ киімді кісілер қуыс-қуысты қалдырмай, улы қоспа сеуіп жүр. Ал ауру анықталған үйлерде кіреберістер оқшауланған.
Бір үйдің екі кіреберісін карантинге жауып тастаған. Қоршаудан әрі аттап басуға болмайды. Ішінде қанша адам тұратыны әлі айтылған жоқ. Бір анығы, екі кіреберістің тұрғындары екі апта сыртқа еркін шыға алмайды. Күні бойы төрт қабырғаға телміріп отыру оңай емес. Аулада оқтын-оқтын жылаған баланың даусы естіледі. Терезеге үңілгендерді де жиі байқауға болады.
Сыртқа шығып серуендеу, асыр салу уақытша шектелгендіктен, үлкені бар, кішісі бар – бәрінің ермегі сырттағы жағдайды терезеден бақылау. Үйден шыға алмаған соң, тұрғындар сырттағы дүкеннен керек-жарағын тапсырыспен алдырады. Алма, тұшпара, сусын, жұмыртқа – сатушы бәрін есіктің алдына әкеп береді. Арақашықтық қатаң сақталады.
Диана Жұбаева, қала тұрғыны:
- Кеше кешке сағат 11-лерде полиция келіп есігімізді жауып тастады. Бірақ ешкім келіп тексерген жоқ. Ешкім анализ алған жоқ. Біз бесінші қабатта, ал вирус жұқтырды деген адам үшінші қабатта тұрады. Әйтеуір біз бірдеңені сезгендей, алдын ала азық-түлігімізді алып қойғанбыз.
Қазір қала бойынша 22 нысан осылай оқшауланған. Оның ішінде 4 денсаулық сақтау нысаны, 2 жатақхана, бір әлеуметтік қамсыздандыру орталығы мен бірнеше тұрғын үй кешені бар. Ал №1 автобус паркі мен екі жатақхана үш медицина мекемесі және 10 үй кіреберісінен карантин алынған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!