КТК арнасы қазақ кино қоржынындағы керемет фильмдерді ұсынады
Карантинді көңілді өткізіңіз! КТК арнасы көрермендеріне қазақ кино қоржынындағы ең әсерлі, ең шытырман оқиғалы фильмдерді ұсынады. Романтикалық комедиядан бастап, отбасылық туындылар мен тарихи драмалар, тіпті кинотеатрларға жақында ғана шыққан фильмдер де бұдан былай әр сенбі мен жексенбі сайын біздің арнамыздан көрсетіле бастайды.
Автор: Аруна Ортай
17.04.2020
Кинотеатрлар жабық. Бірақ бұл көңіл түсіруге себеп емес. КТК арнасы үйдегі теледидарыңызды нағыз кино алаңына айналдыруға көмектеседі. Кино кешін «Бойжеткен» атты романтикалық комедия бастайды. Туынды Әнел есімді ауқатты отбасыдан шыққан қыз бен қарапайым музыкант жігіт жайлы. Бір-бірін бір көргенде-ақ ұнатқан ғашықтарды көптеген кедергілер күтеді. Бала кезінен байлықта шалқып өсіп үйренген бойжеткен ақырында кімді таңдайды? Оны сенбі күні сағат кешкі сағат бесте біле аласыздар.
Көптеген көрерменнің жүрегін жаулап үлгерген «Жау жүрек мың бала» фильмі. Туынды жоңғар шапқыншылығына қарсы ерлікпен күрескен қазақ батырлары жайында. Өрімдей жас сарбаздар ту көтеріп, жорыққа бастап шығады. «Жау жүрек мың бала» нағыз карантин кезінде көретін кино. Себебі, туған ел, сүйген жар, намыс үшін от кешкендер жеңіске тек бірліктің арқасында ғана жетуге болатынын еске салады.
- Бауырлармен ақтық майданға түсеміз! Көрісе алмай қалсақ, бақұл болайық! Аттандық Алаш!
Ақан Сатаев түсірген атышулы туынды жексенбі күні сағат 16-30-да.
Триллер мен криминал жанрының жанкүйерлеріне «Қаржыгер» фильмін ұсынамыз. Кино қаржы қорындағы мықты қаржыгерлер мен олардың арасындағы алаяқтар туралы. Басты кейіпкер Руслан бала кезіндегі досы арқылы брокер боп жұмысқа тұрады. Жігіт өзінің ақылының арқасында адам сенгісіз жетістікке жетеді. Бірақ, қомақты қаржы бар жерде қандықол бұзақылар да жүретіні белгілі. Байлыққа өз күшімен жеткен жігіт оларға қарсы тұра ала ма?
Ендеше таңдайыңды қақтырып, делебеңді қоздыратын киноны жіберіп алмаңыз. Карантинді КТК арнасымен бірге өткізіңіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!