Жұмыссыздық. Шағын және орта кәсіптің мүшкіл жайы. Ірі бизнес дефолтқа ұшырауы мүмкін
Пандемияның соққысы жойқын болады. Мұқым кәсіпкерлер осылай деп дабыл қағып отыр. Мәселен, Үкімет тарапынан шаралар қабылданып жатқанымен, кәсіпорындардағы 12 мыңнан астам адам жұмыссыз қалған. Шағын және орта кәсіптің мүшкіл жайын айтпағанда, ірі бизнестің де жағдайы нашар. Тіпті дефолтқа ұшырауы мүмкін. Кәсіп иелерінің базынасын тілшіміз тыңдап келді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
17.04.2020
Нұр-Сұлтанда ел бойынша ірі компанияларға ғимараттарды жалға беретін қауымдастықтың өзі қауіптің алдында тұр. Олардан 20-дан астам ірі компания мыңдаған шаршы метр нысанды жалға алған. Ал бұл салада 2 миллионның үстінде адам жұмыс істейді. Қазірдің өзінде бұл қауымдастық Нұр-Сұлтан мен Алматы бойынша ай сайын 20 миллард теңгеге шығынға батып отыр.
Қайрат Көкеев, Басқарушы және қызмет көрсетуші компаниялар қауымдастығының төрағасы:
- Біз балға мен төстің ортасында қаламыз. Әрине, шамасы жоқ жалға алушылардың жайын түсінеміз. Бірақ, банктер мен коммуналдық мекемелердің алдында ай сайын жауап береміз, яғни төлем жасауды тоқтатпадық. Егер үкімет осы жағынан бір жеңілдік қарастырмаса, дефолтқа ұшыраймыз. Қорымыз бар, бірақ оның өзі ұзаққа жетпейді.
Ал шымкенттік 300 омарташы шаш етектен шығынға батудың алдында тұр. Кәсібі облыс аумағында орналасқан олар қаланың сыртына шығу туралы жәй ғана анықтаманы ала алмай жүр. Соның салдарынан дала қараусыз қалған аралары қырылып қалуы мүмкін. Жәрдем сұрап жан-жаққа барғанымен, жергілікті биліктен жауап әлі жоқ.
Ирина Демидова, омарташы:
- Мәселен, биыл біздің бір ғана шаруа қожалығы балдың мың пакетін жасаймыз деп жоспарлаған едік. Біз сияқты 300-ден аса шаруа ұжымы бар. Әрқайсы кем дегенде, 200-300 осындай пакет жасап сатпақшы болған. Мысалы, бір пакетіңіз орта есеппен 15 мың төңірегінде. Енді шығынның көлемін есептеп көріңіз.
Коронавирустан еліміздегі барлық кәсіп түрі ақсап тұр. Мәселен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына төтенше жағдай режимі кезінде 32 мыңнан астам шағым келіп түскен екен. Соның ішінде шамамен 6 мыңнан астам өтініш қызметкерлерді қысқартуға қатысты.
Ербол Өстеміров, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары:
- 42 500 алатын тұлғалардың санын көбейту бойынша ұсыныс қабылданған соң, жұмыстан босатылатын жұмыскерлердің саны 13 пайыздан 9 пайызға дейін түсті.
Қысқарту көрсеткіші кемігенімен, кәсіпорындарда жұмыс істейтін 12 мыңнан астам қазақстандық жұмысынан айырылады. Ал сарапшылар жағы пандемияның соққысы жойқын болады, оның салдарын қалыпқа келтіру үшін, яғни кәсіптің қызығын қайта көруге, дегенде жарты жыл уақыт керек болады деп пайымдайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары