Миллион ұрлады деп айыпталған бұрынғы тергеуші ақталды
Өскеменде миллиондаған ақшаны ұрлады деп айыпталған бұрынғы тергеуші ақталды. Еркінжан Жүнісбековтің апелляциялық арызын қараған облыс соттағылар оны кінәсіз деп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
17.04.2020
Мемлекеттік кірістер департаментінде істеген Жүнісбековке қатысты тергеу былтыр басталған. Прокурорлар оның басқа жақтан емес, тура өзі жұмыс істейтін экономикалық тергеу қызметінде сақтаулы тұрған 22 миллион теңгені қалтасына басты деп айыптады. Ал ақша күдіктіден айғақ зат ретінде алынған екен. Тергеу кезінде келтірген шығынды төлемегені үшін алғашқыда судья түрмеге жөнелтуді жөн деп шешкен. Бірақ оның облыстық соттағы әріптестері үкіммен келіспей, сотталушының «еш жазығы жоқ» деп отыр. Өйткені, сейф кілті департаменттегі басқа қызметкерлерде де болған. Тіпті, кейін қайта тергеу кезінде жетпеген ақша 22 миллион емес, небәрі 100 мың теңге болып шығыпты. Ал сол 100 мыңды енді кім алғанын прокурорлар қайтадан іздемекші.
Назгүл Рахметуллина, судья:
- Басқа қызметкерлердің есептері мен мөрімен расталғаннан кейін 100 мың жоғалғаны анықталды. Осы жағдайлардың барлығы сотталушының қылмыс жасауға қатысудың дәлелдері болмағандықтан, ақтау үшін негіз болды. Іс материалдары қылмыстық жауапкершілікке тартылатын адамды анықтау үшін прокурорға жіберіледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары