Карантин тәртібіне бағынбаған Ақтөбе тұрғындарына тыйым қатаңдатылды
Ақтөбеліктер карантин тәртібіне бағынар емес. Себепсіз үйден шықпай, тыныш отырудың орнына, көпшілік бала-шағасымен көше кезіп жүр. Сондықтан жергілікті билік тұрғындарға тыйымды одан сайын қатаңдатты.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.04.2020
Полицейлер тұрғындарды үйіне қуып тығып жатыр. Басқа амал жоқ. Енді карантиннің жаңа тәртібі бойынша ешкім баспанасынан себепсіз аттап шыға алмайды. Тіпті азық-түлік алуға дүкен мен дәріханаға тек үш күнде бір рет бара алады. Онда да бір отбасынан тек бір адам тысқа шығуына рұқсат. Ал «Сергек» базасына тіркелмеген көліктерге көшеде жүруге тыйым салынған. Бұған дейін жүргізушінің жұмыс орны берген анықтама жарайтын еді. Енді «Сергектің» тізімінде көлік жоқ болса, көшеде жүрген жүргізушіге айыппұл салып, тұрақ алаңына тоғытылады.
Мұндай қатаң шара қолдануға індеттің қала ішінде тарап кетуі себеп. Өйткені вирус жұқтырған науқастың бірі жақындарымен араласқанын жасырса, енді бірі бала-шағасымен қонаққа барып ауру жұқтырған. Одан қалды, коронавирусқа шалдыққандар дүкен аралапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!