Саяси партияны тіркеу тәртібі жеңілдетіліп, әйелдер мен жастарға квота берілді
Партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар жағы көбейеді. Оларға 30 пайыз квота берілмек. Ал квотаны бөлу – партиялардың өз құзырында болады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
22.04.2020
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс спикері:
- Әйелдер мен жастарға қарастырылып жатқан 30 пайыз квотаны бөлуден еш қорықпау керек. Ал оны бөлуді партиялар өздері шешеді. Кейбір партиялық тізімде жастар үлесі көп болуы мүмкін. Кейбірінде әйелдер саны артық. Осы орайда менің ойыма «Тек қыздар» деген фильмнің сюжеті түсіп отыр. Оның барлығы 29 жасқа дейін болса жақсы ғой.
Партиялық гендерлік квоталар Еуропа елдерінде көптеп қолданылады екен. Шетелде ол заң деңгейінде бекітілген. Мәжіліс мақұлдаған заңдағы өзгерістер мұнымен біткен жоқ. Енді Қазақстанда саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілмек. Жаңа партияны тіркеуге 40 мың емес, 20 мың адам болса жеткілікті. Әділет министрінің пайымынша, ұсыныс мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізеді. Ал отырыс бойы сұрақ қойып, депутаттық сауал жолдаған халық қалаулылары Бекболат Тілеуханға жақпай қалды. Ол әріптестерінің мемлекеттік тілде сөйлемейтініне қынжылды.
Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:
- Түрлеріңіз қазақ, ал ауыздарыңыздан бірде-бір сөз мемлекеттік тілде шығып жатқан жоқ. Жалпы, қазақ тілінің Қазақстан Республикасынан басқа барар жері, басар тауы жоқ. Ол егер парламент қабырғасында өгейдің күйін кешсе, басқа жерде күйі не болмақ. Қазақ емес, қазақша сөйлей алмайтын адамдарды ешкім қинамайды. Ал сіздердің мүмкіндіктеріңіз бар ғой.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!