Қазақстан медицинасы кәсіби эпидемиологтарға зәру
Алматы ғана емес, жалпы Қазақстан медицинасы кәсіби эпидемиологтарға зәру. 15 жыл бұрын жоғары оқу орындары мамандарды даярлауды тоқтатыпты. Бүгін мәжілісмендер сол кәсіби эпидемиологтарды оқытуды қайта қолға алуды ұсынды. Ал болашақ дәрігерлер бұл саладан қашып жүр. Оған не себеп? Мамандардың пікірі қандай?
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
22.04.2020
Пандемия – біздегі медицинаны жан-жақтан сынап жатыр. Олқы тұстары көп сала ақ халаттыларға әбден зәру. Әсіресе эпидемиологтар індетпен күрестің алғы шебінде болуы керек. Ал елімізде мұндай мамандар кәсіби түрде даярланып жатқан жоқ. Депутат Азат Перуашев 15 жыл бұрын медициналық оқу орындарында жабылған факультеттерді қайта ашу керек деп санайды.
Азат Перуашев, мәжіліс депутаты:
- Медициналық жоғары оқу орындарының санитарлық-эпидемиологиялық факультеттері емдеу факультеттерімен біріктіріліп, жалпы медицина факультеті болып кетті. Содан бері «Эпидемиология» мамандығы оқу орындарынан жоғалып кетті. Тіпті ол мамандыққа қойылатын кәсіби талаптар да жоқ. 2005-2007 жылдары жабылған факультеттерді Батыс Қазақстан және Қарағандыдағы оқу орындарында ашу керек.
Қазақстандағы медициналық университеттерде даярланатын эпидемиологтар тауарлар мен қызмет көрсету сапасын тексеретін мекемелерде, сонымен бірге менеджерлік қызметте жүр. Зейнеткерлікте шығатын болса, тіпті олардың орнын басар ешкім жоқ. Ал болашақ дәрігерлердің эпидемиология саласына барғысы келмейді – жұмыс табу қиын, жалақы аз.
Дайнюс Павалькис, Астана медицина университетінің ректоры:
- Бұл салаға көбі барғысы келмейді. Материалдық жағы төмендеу. Бүгінде 48 студентіміз карантиндік аймақтарда жүр. Бұған дейін олардың эпидемиология саласына деген қызығушылығы болмаған. Сондай-ақ, мұндай пандемия жағдайымен бірінші рет кездесіп отыр. Алдағы уақытта болашақ эпидемиологтарды магистратурада оқытуды жоспарлап отырмыз. Оқыту мерзімін енді шешпекпіз.
Эпидемиологтардың жетіспейтінін еліміздің бас санитариялық дәрігері де жасырмайды. 800-дей маман аса қажет.
Айжан Есмағамбетова, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
- Қазіргі кезде елімізде 1518 эпидемиолог мамандар бар. Оның ішінде эпидемиолог-дәрігерлер 696. Қазіргі таңда 800-ге жуық эпидемиолог жетіспейді. Осы орайда, министрлік 120 бакалавриат түлегін санитарлық дәрігерлерге мамандандыруды жоспарлауда.
Денсаулық сақтау министрлігі жетіспейтін эпидемиологтардың орнын толтыру үшін университет түлектерінен бөлек, колледж, магистратура бітіргендерді де жұмыспен қамтымақ. Инфекционист мамандар да қауіпті індеттің арқасында екі қолға бір күрек табатын болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!