COVID-19: Мамырдың соңына дейін науқас екі есеге артуы мүмкін
Мамыр айында коронавирус жұқтырғандар саны 4 мыңға жетуі мүмкін. Еліміздің бас санитары бүгін осындай болжамын айтты. «Кеселдің күшейетінін кезеңі әлі алда» - дейді Айжан Есмағамбетова. Сондықтан жұртты босаңсымай, сақтанып жүруге және карантин режимін бұзбауға шақырды. Ал соңғы мәліметке сүйенсек, елімізде COVID-19 вирусы жабысқан жандардың саны 2070-ке жетті. Елдегі эпидемиологиялық ахуал:
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
22.04.2020
Бүгін індет жұқтырғандардың саны қанша адамға толықты? Көзге көрінбейтін вирус соңғы тәулікте тағы 50-ден аса адамды мұрттай ұшырды. Көңілсіз көрсеткіш сағат сайын түрленіп, көпшіліктің көңілін күпті қылуда.
Алматы облысында бүгін тағы жеті адамнан вирус анықталып, Жетісу өңірінде науқастар саны 62-ге жетті. Ең сорақысы, жаңадан ауру жұқтырғандардың алтауы бір үйдің адамдары. Оның үшеуі кәмелетке толмаған балалар. Шелек ауылында тұратын отбасы мүшелері осыған дейін коронавирус табылған 81 жастағы зейнеткермен байланыста болыпты. Ауруханаға жатқызылған тағы бір науқас Талғар қаласының тұрғыны.
Алматыдағы ахуал күннен-күнге асқынып барады. Қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин алғашқы баяндамасын шаһарда эпидемиологтар жетіспейді деп бастады. Оның айтуынша, кеселмен толыққанды күресуге тағы 40 маман қажет. Ал қалада індетті жұқтырғандардың көбі жастар екен. Ең өкініштісі, дәрігерлер арасында дендеген дерт блок-бекетте тұрған тәртіп сақшыларына да жеткен. Қазір бір полиция қызметкері кеселмен күресіп жатыр. Ал жаяу патрульге жұмылдырылған шекара қызметі акамдемиясының тағы 13 курсантынан СOVID-19 вирусы анықталып, ауруханада жатқан сарбаздардың саны күрт өсті. Әскери оқу орны ауру ошағы ретінде карантинге жабылған.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері:
- Алматыда әзірге 669 науқас бар. Вирус жұқтырғандардың арасында 40 студент,15 оқушы, басқа елден келген 38 адам, шекара қызметі академиясының 67 курсанты, 2 авиация саласының қызметкері, 40 зейнеткер және 383 медицина қызметкері бар. Науқастармен тығыз байланыста болған 12 420 адам анықталды, оның 7500 үй карантинінде жатыр.
Соңғы мәліметке сүйенсек, елімізде коронавирус құрығына іліккендердің саны 2070-ке жетті. Сүреңсіз статистикада Алматы алдыңғы орында. Нұр-Сұлтан мен Шымкент қаласы да қалыспай келеді. Қызылорда, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында вирус жұқтырғандар азаяр емес. Мамырдың соңына дейін науқастар саны тіпті екі есеге артуы мүмкін. Еліміздің бас санитары Айжан Есмағамбетова осындай болжам айтты.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Бас санитарлық дәрігері:
- Ауруханада жатқан 6 науқастың жағдайы өте ауыр. Қазір еліміз қиын кезеңде тұр. Вирус жұқтырудың шарықтау шегі мамыр айында болады деп болжадық. Яғни, сол айда коронавирус жұқтырғандардың саны 4 мыңға жетуі мүмкін. Сондықтан сақтық шараларына бейжай қарамаңыздар. Көшеге себепсіз шықпауға тырысыңыздар.
Бір қуантарлығы, екі күннен бері коронавирустан ешкім көз жұмған жоқ. Осылайша елімізде кесел құрбандарының саны 19 адаммен тоқтап тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!