Қоғамдық денсаулық басқарма басшысынан Covid-19 анықталды
Коронавирус жұқтырған бұрынғы орынбасарының кесірінен енді Елжан Біртановтан бастап, Денсаулық сақтау министрлігіндегі басшылар тест тапсырып жатыр. Ал Камалжан Надыровтың өзі ауруына байланысты жаңа қызметіне кірісе алмады. Күні кеше ол Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы болып тағайындалған еді. Covid-19 вирусы да Надыровтан дәл сол күні анықталды. Қазір шенеунік Нұр-Сұлтан қаласындағы инфекциялық ауруханада ем қабылдауда.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
22.04.2020
Бір жыл бұрын Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалған Камалжан Надыров бұл қызметінен кеше босатылды. Ал, бүгіннен бастап Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы қызметіне кірісуі керек еді. Бірақ, ауыс-түйіс болып жатқан күні шенеуніктің денсаулығы сыр берген. Сөйтіп коронавирусқа тест тапсырып, ол оң нәтиже көрсетіпті.
- Кеше кешкісін Камалжан Надыровқа коронавирустық инфекция жұқтырған деген диагноз қойылды. Қазір ол емделуге ауруханаға жатты. Әріптесім Камалжан Талғатұлының тез сауығып кетуіне тілектеспін және қолдау білдіремін! Осы жағдайға байланысты Алматы қаласы әкімінің келісімімен Тілеухан Әбілдаевтің отставкаға кету туралы өтініші тоқтатылды.
Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі:
- Надыровтың індетті нақты қай жерде жұқтырып алғаны белгісіз. Бір анығы, ол өткен аптада Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласына іс-сапармен барған. Тура бір апта бұрын Алматы әкімдігінің баспасөз орталығында брифинг те өткізді. Аурухана төсегіне таңылған шенеунік бірер сағат бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында денсаулығына байланысты жазба жариялады.
Камалжан Надыров:
- Өздеріңіз білесіздер, қазір елордадағы ауруханалардың бірінде жатырмын. Қызметіме байланысты мен өңірлерді араладым, әріптестеріммен кездестім, ауруханалаларға бардым. Індет жұқтыру қаупін түсіне отырып, COVID-19-ға жиі тест тапсырдым. Осыған дейінгі тест қорытындылары теріс болды. Бұл жағдай көзге көрінбейтін жаудың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір рет көрсетті.
Экс вице-министр аралаған мекемелердің арасында карантиндік нысандар да болған. Қазір Надыровпен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып жатыр. Олардың бәрінен сынама алынады. Министр Елжан Біртановтың да бүгін коронавирусқа тест тапсыруына тура келді. Дегенмен, Денсаулық сақтау министрлігіндегілердің індет жұқтыру қаупі төмен көрінеді.
Диас Ахметшәріп, Денсаулық сақтау министрінің ресми өкілі:
- 30 наурыздан бастап бізде Денсаулық сақтау министрлігі толықтай қашықтық жұмысқа көшкен болатын. Министрліктің ішінде тек қана біздің ведомство басшысы Елжан Амантайұлы және 3-4 адам бөлек-бөлек кабинетте. Жалпы бүгін олар да бәрі тексерістен өтеді. Денсаулық сақтау министрі де бүгін тексерістен өтіп, анализ тапсырады.
Ведомство өкілдері Біртанов тапсырған тесттің қорытындысы белгілі болғанда жариялауға уәде етті.
Іс-сапарлатып жүргенде вирус жұқтырып алған Камалжан Надыров Нұр-Сұлтан қаласындағы инфекциялық ауруханада жатыр. «Оның денсаулығы қалыпты, індет жеңіл формада өтіп жатыр», - дейді әріптестері. Шенеунік жазылып шыққан соң, жаңа лауазымына кіріседі. Ал, оған дейін Тілеухан Әбілдаев орнында отыра тұрмақ. Ол да өткен аптада дәрігерлер жатқан жерлерді Камалжан Надыровпен бірге аралап, кейін өзі жұмыс кабинетінде оқшауланып жұмысын жалғастыратынын айтқан болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!