{metadescription}
Елорда іргесіндегі Қосшы жұрты далада тамақ істеп жүр   
Елорда іргесіндегі Қосшы жұрты далада тамақ істеп жүр   

Елорда іргесіндегі Қосшы жұрты далада тамақ істеп жүр   

Үйінде жарықсыз қалған жұрт даладағы ошаққа тамақ істеп жүр. Елорданың іргесіндегі Қосшы ауылында неше күннен бері кешқұрым жарық өшіп қалатын болған. Бар тіршілігі электр желісіне байланған ауылдықтар кешкісін бала оқыта алмай, не жөндеп ас іше алмай әуреге түсіп жүр. Бір күндік болса жарар еді, жыл бойы қайталанатын жағдай жұрттың зығырданын қайнатқан. Қараңғылық қамытын киген Қосшы тұрғындарының жайы:  

Қас қарая жарық көзінен айрылатын Қосшы ауылы тұрғындарының жаппай көшеде жүретін кездері жиілеген. Тастүнекте тіршілік ету қиын болғандықтан, тамағын сыртта дайындайды.

Бұл көріністі Қосшы ауылының тұрғындары жариялаған. Ет асып жатқанда қапелімде жарық өшіп қалып, амалсыз баяғы 90-жылдардың әдетімен далаға от жағып, соған қайнатыпты. Бұл бүкіл ауылға сабақ болса керек, қазір бәрі ертерек қамданатын болған. Әсіресе Хадиша әжеге бестің шәйі уайым. Сол үшін дүкеннен керек-жарағын сатып алып, ертерек қамданған түрі. Түстен кейін жарық өшіп қалса қайтеді?

Хадиша Маматалиева, Қосшы ауылының тұрғыны:

- Осыларды жарық барда тасып апарып жатырмын. Ертерек тамақ істеп ішейік. Жарық сөнсе, аш отырамыз, мұздай суды ішіп. Кемпірлерге бестің шәйі болмаса, басы ауырады ғой. Соны ойлап, шәй ішкен жоқпын.

Үйдегілерге бестің шәйі қиын болып жатса, дүкендерде тоңазытқыштағы  балмұздақ, шұжық, тұшпара дегендер ери бастаған. Сатушылар жоқ жерден шығынға батып жатыр.

- Міне, осыдан... Мынадан бұзылып жатыр. Кеше біразын тастадық, жаңа қоқыстың арасында кетті ғой.

Бар былықтың бастауы – жуан қара электр сымы атылып кеткен. Өйткені жоғары вольтты тоқ сымдары жатқан жер талапқа сай емес. Іші толған су. Айналаның бәрі сор екенін ескерсек, жерге көмілген бүкіл тоқтың қандай жағдайда жатқанын шамалай беріңіз. Бұл электр желілері 2009 жылы жүргізілген. «Осынша жоғары вольтты сымдарды о баста неге сулы жерге көмген?» деген заңды сұрақты қазір кімге қоярымызды білмейміз. 10 жыл бұрынғы жауапты адамдарды қазір таппайсың да. Сасық суға батып жатқан сымдардың қазіргі күйін айтудың өзі артық болар. Ұзына бойы апатты жағдайда жатқандықтан, бүгін-ертең тағы бір ақау беріп жатса, таңғалудың керегі жоқ.

Ержан Жолымбетов, Қосшы ауылдық округінің әкімі:  

- Түбегейлі өзгертетін шешім қабылданды. Облыстық бюджеттен 262 миллион теңге бөлінді. Бүгінде соның 169 миллионы игерілді. Әуемен жүргізілген желі тартылды. Жыл соңына дейін бүкіл ақшаны игеріп, қосымша кабель жүргізу жоспарланып отыр.

Үзілген тоқты электриктер кешелі бері жабылып жүріп жөндеп, іске қосты. Бүгін тағы қосымша желіні сынақтан өткізіп көріп, оны да апатты жағдайдағы қосымша желі ретінде жалғап қойды.

Мамандар бүгінше электр желісін жөндеп берді. Бірақ енді әрдайым үйде жарық болады деу қиын. Себебі, жарық үздіксіз жанып тұратынына сенім жоқ. Суға малшынып жатқан ескірген желі қазір-ақ қайта үзіліп қалуы мүмкін. Ондай жағдайда үйіне сыймаған жұрт ауыл ортасындағы сүйікті орынға – аллеяға серуендеп шығады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде