Тағы бір банкке тықыр таянды – «Тенгри банк»
Елімізде тағы бір банкке тықыр таянды. Қаржылық қадағалау агенттігі «Тенгри банкті» тексеріп жатыр. Өйткені бұл қаржы мекемесіне қатысты арыз-шағым көбейген.
Автор: Диас Нұрақын
23.04.2020
Атап айтқанда, «Тенгри банктің» салымшылары бір айдан бері ақшасын шеше алмай сандалып жүр екен. Банкомат пен кассаны айтпағанда, мобильді қосымша арқылы ақша аударымдарын жасау да тоқтатылған. Сондықтан еліміздің әр өңіріндегі клиенттер банк банкрот болып қалуы мүмкін деп қауіптенеді. «Тенгри банк» төңірегіндегі түйіткілді тілшіміз анықтап көрді.
«Тенгри банктің» басына бұлт үйірілгелі бір айға жуықтапты. Өйткені сәуірден бері салымшылар қандай да бір қаржылық операция жасаудан қалған. Депозит пен картадағы ақшаның өзін алу мұңға айналыпты. Себебі, банк күніне 50 мың теңге ғана шешуге болатын шектеу қойып тастаған. Алайда клиенттер сол соманың өзіне қол жеткізе алмай жүр.
Банктің барлық клиенті карантин кезінде «көк тиынсыз қалдық» дейді. Тіпті жеке азаматтар тұрмақ, заңды тұлғалардың да есеп-шоттары жабылған. Соның кесірінен компаниялар өз жұмысшыларына айлық төлей алмай жатыр. Бірақ банк басшылары бұған бас ауыртпайтын сияқты. Сондықтан салымшылар болашағы бұлыңғыр банктің қаржылық жағдайын май шаммен тексеруді талап етуде.
Роман Миразимов, банк клиенті:
- Банктің қаржылық ахуалын тәуелсіз сарапшылар тексеріп, салымшылардың ақшасы қайда кеткенін анықтауы керек. Сондай-ақ банк басшылары мен акционерлерінің есеп-шоттарын бұғаттап, шетелге шығуына шектеу қоюды талап етеміз. Өйткені құрылтайшылардың қайда екені белгісіз.
«Тенгри банк» акциясының тең жартысы үндістандық Panjab National Bank-ке тиесілі. Сондықтан еліміздің қаржылық қадағалау агенттігі жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Тіпті Үндістанға арнайы хат жолдап, сәуірдің 30-на дейін «Тенгри банкке» капитал құюды тапсырыпты. Егер бұл талап орындалмаса, банкті дефолт күтіп тұр.
Бақытбек Рысымбетов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департамент директорының орынбасары:
- «Тенгри банк» қаржылық қиындықтарға ұшырауда. Өйткені ірі депозит салымшылары ақшасын алып кеткен. Сондықтан заң бойынша банктің ірі акционері қаржы құйып, жағдайды реттеуі тиіс. Қазір бұл банкте 40 мыңнан астам салымшы бар. Олардың жинағы 28 миллиард теңгеден асады.
Салымшыларын сандалтқан банктің 9 қалада бөлімшелері бар. Ақшасына алаңдаған жұрт карантинге қарамай, қазір сонда ағылып жатыр екен. Алайда оларға жауап беретін жан жоқ. Тіпті банктің колл-орталығы да қоңырау қабылдауды қойған. Дегенмен қаржылық қиындыққа тап болған мекеменің жағдайды реттеуге бір апта уақыты бар. Егер осы аралықта ірі акционерлер банкті құтқарып қалмаса, лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!