Карантин қашанға дейін созылады
Қазақстандағы карантин сәуірдің соңына дейін сақталады. Ал одан әрі жалғастыру жайы әлі қарастырылып жатыр. Нақты шешімді президент келесі аптада арнайы үндеуінде жариялайтын болады.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
23.04.2020
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бір айдан астам біздің азаматтар карантинде отыр. Өте қиын, мен оны түсініп отырмын. Жағдай, жалпы өте күрделі. Карантинге келсек, тек Қазақстан ғана емес, бүкіл дүниежүзі. Бір жаңа көзқарасымызды енгізуіміз керек.
Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда ашылған инфекциялық аурухананы аралау кезінде айтты. Кездесуді пайдаланған дәрігерлер жалақыларына қатысты базынасын жеткізуге тырысты. Өз кезегінде президент Қазақстан үшін қалыпты нарықтың құлдырап, мемлекеттік бюджет қомақты кірістерден қағылғанын айтты. Бірақ соған қарамастан, тұрақты түрде жалақы көтеріле бермек. Ал коронавирус кесірінен басталған дағдарыстан бәріміз сабақ алу керекпіз деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент санитарлық-эпидемиологиялық салаға тиісті көңіл бөлінбегеніне де тоқталды. Сондықтан бірінші кезекте Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы тұтастай реформаланады. Ал бүгін президент аралап оң бағасын берген аурухана коронавирустан емдеуге мамандандырылған.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бұл аурухана қауісіз және қауіпті аймақтарға бөлінген. Яғни, жасыл аймақта дәрігерлер қорғаныс құралдарының көмегінсіз жұмыс істей алады. Ал қызыл аймақта науқастар орналастырылады. Бұл екі аймақтың арасы ерекше оқшауланып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!