30 жылда нендей межеге жеттік, даму даңғылында қандай қиындықты еңсердік?
Құқықтық мемлекеттің қазығына айналған президенттік басқару формасының күшіне енгеніне – 30 жыл. Осы аралықта нендей межеге жеттік, дамудың даңғылында қандай қиындықтарды еңсердік? Жас мемлекетке президенттік басқару несімен тиімді болды? Тұңғыш президент қоры мұрындық болған бүгінгі халықаралық видеоконференцияда осы мәселелелер тақырып тұздығы болды.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
24.04.2020
Бұл халықаралық конференция бұрынғыдан өзгерек. Себеп те түсінікті, пандемияның салдарынан онлайн ұйымдастырылды. Сарапшылардың сөзінше, басқа елдердегі мамандардың пікірі елдің келешек даму бағдарын анықтауда аса маңызды.
Игорь Рогов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары:
- Егер ел дамуының алғашқы кезеңінде біздің биліктің басқару үлгісін шетелдік сарапшылар сынға алса, кейінгі жылдары жүзеге асқан реформаларға қарап, жалпы елдің ішкі-сыртқы қалыбын саралай келе, әлемдік қауымдастықтың пікірі оң қабағын берді.
Әуелі әлемдік практикаға үңілейік. Білетініміз, ел басқарудың үш-төрт моделі бар – монархия, парламенттік билік деп кете береді. Әр қайсысы әр қиырға бастайды. Ал біздің елде осыдан тура 30 жыл бұрын президенттік басқару формасы қабылданды.
Бүркітбай Аяған, профессор, тарих ғылымдарының докторы:
- Сол кезде менің есімде. Академик Сұлтан Сартаев сөйлеген еді парламентте, басқа да көптеген азаматтар ұсыныс жасаған болатын. Бірақ парламент депутаттарының біразы қарсы шыққан. Олардың ойы басқаша болды. 90-шы жылдар қиын кезең болатын, Сіздер, жастар білмейсіздер. Ол кезде кәдімгі аштықтың бір түрі болды, 90-шы жылдары.
Міне, осы қысылтаяң шақта саяси реформаны сауатты жүргізеді деген нық сеніммен президенттік басқару формасы мақұлданған еді. Сол таңдаудың оң болғанын онлайн конференцияға қатысқан шетелдік мамандар дәйекті дәлелдерімен айтып берді. Қош, осы 30 жылдың ішінде шекарамыз бекіп, қарулы күшіміз жасақталды, ұлттық валютамыз айналымға енді, оның барлығын бір сәтте айтып түгесу мүмкін емес.
Қанат Жұмабаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры:
- Қазақстанның Тұңғыш Президенті реформаларының негізгі өзегі – Қазақстан Республикасының үдемелі дамуындағы жан-жақты ойластырылған стратегияға әрі көреген саясатқа негізделген. Оны сәтті жүзеге асыру – халықаралық қоғамдастықта өзінің лайықты орны бар саяси және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз, дербес, егеменді мемлекет құруға мүмкіндік берді.
Конференцияға қатысушылар Тұңғыш Президенттің саясатындағы өзге елдермен достық қарым-қатынас орнатуы мен экономиканың дамуына негіз болған құқықтық базаны қалыптастырудағы еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, еліміздегі заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтарының біртұтас механизмге айналып, түбегейлі жаңа президенттік басқару формасын қалыптастырғаны айтылды. Жалпы, онлайн конференцияға еліміздің белді ғалымдары мен саясаттанушыларын тізбегенде, 20 елдің мамандары үн қосты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!