{metadescription}
Сұлулық вирустан құтқармайды – салондар ашылуға рұқсат сұрап отыр
Сұлулық вирустан құтқармайды – салондар ашылуға рұқсат сұрап отыр

Сұлулық вирустан құтқармайды – салондар ашылуға рұқсат сұрап отыр

Алматыда сұлулық салондары мен шаштараздар мамырдан бастап ашылуға рұқсат сұрап отыр. Бьюти-индустрия өкілдері бұл өтінішін хатқа жазып, президент, премьер-министр және қала әкімінің атына жолдаған. Себебі, тыйымға қарамастан, мамандардың көбі клиенттерін үй жағдайында қабылдап жатыр екен. Бұдан тұрғындардың түрлі вирус жұқтыру қаупі жоғары дейді кәсіпкерлер. Ал салонда санитарлық талап қатаң сақталады деген сенімде.

Кәсіп иелерінің қазіргі жайын тілшіміз көріп қайтты.

Саид Тахиров Алматыдағы ерлерге арналған шаштараз желілерінің иесі. Бір  айдан бері кәсібі толығымен тоқтап қалған. Қазір ол «барбершоптарына» тек шаң сүртуге келіп кетеді. «Осылай жалғаса берсе, кей филиалдарымды жауып, қызметкерлерім жұмыссыз қалуы мүмкін», - дейді.

Саид Тахиров, шаштараз желісінің директоры:

- Әзір ашылмасақ, бірнеше филиалымды жабуға мәжбүр боламын. Өйткені бұл бизнесті бастауға несие алғанмын. Соны төлейтіндіктен, жинаған ақшам да жоқ. Ал жұмыс басталғанда нысанды жалға алу ақысын беру керек болады. Бұл аздай, осы айда жабық тұрсақ та, коммуналдық қызметке төлем жасадым.

Тығырыққа тірелген Саид қол астындағы 50 қызметкерін ақысы төленбейтін демалысқа жіберген. Дегенмен шеберлер құрал-саймандарын алып кетіпті. Демек олар өз клиенттеріне үй жағдайында қызмет көрсетіп жатыр. «Бұл арқылы түрлі індет құтыру қаупі жоғары», - дейді кәсіпкерлер. Өйткені клиенттерін заңсыз қабылдайтындар гигиеналық талапты сақтай бермейді.

Кристина Панова, маникюр студиясының директоры:

- Біздің салада клиенттерін үйде қабылдап жатқан мамандар көп. Олар санитарлық талапты сақтамайды. Қазір онсыз да коронавирустан қауіп төніп тұр. Бұдан бөлек, ВИЧ, зең инфекциясы, гепатит вирустары тарауы мүмкін. Ал біз салонда құрал-саймандарымызды кәсіби медициналық жабдықпен зарарсыздандырамыз.

Сұлулық индустриясының өкілдері шашы өсіп, тырнағы бүлінген тұрғындардың сәт сайын хабарласатынын айтады. Әсіресе жұмысы жалғасып жатқандары тұрақты шеберлерінің қалайда қабылдауын сұрайды. Мәселен, алматылық Елена екі апта сайын маникюрін жаңартуды әдетке айналдырған. Ал карантин басталғалы тығырыққа тіреліпті.

Елена Касимовская, Алматы қаласының тұрғыны:

- Бизнес саласында болғандықтан, қазір жұмысым жалғасуда. Кездесулерге өңі кеткен маникюрмен барып жүрмін. Тырнағымды жасырып отырамын. Бұл өз-өзіме деген сенімділігіме кері әсер етуде.

Сондықтан бұлар да сұлулық салондары ашылса дейді. Мегаполистегі бьюти-индустрия өкілдері де мамырдың басында жұмысқа кірісуді қалайды. Сол үшін президент, премьер-министр және Алматы қаласының әкіміне ашық хат жолдаған. Оған 250 заңды тұлға қол қойыпты.

Бірақ індет ошағына айналған Алматы мен Нұр-Сұлтандағы сұлулық салондары мен шаштараздардың әлі кемі екі аптадай жабық болатынын Денсаулық сақтау министрі жуырда айтқан болатын. Өйткені мұндай жерлерде клиент пен шебер арасында жақын байланыс болады. Ал бұл инфекцияның таралуына әкелуі мүмкін. Сұлулық әлемді құтқарғанымен, вирустан ешкімді құтқара алмайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

27 желтоқсан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде