Шамалған бекетіндегі апат: Кезекшінің кінәсі толық дәлелденді
Шамалғандағы темір жол өткелінде болған апатқа қатысты сот үкімі шықты.
27.04.2020
Қарасай аудандық соты бекет кезекшісін кінәлі деп тауып, үш жарым жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. 60 жастағы Досбатыр Ахметжанов темір жол қозғалысы қауіпсіздігін бұзғаны үшін айыпталған. Бес айға созылған тергеу кезінде 100-ге жуық куәгерден жауап алынып, кезекшінің кінәсі толық дәлелденіпті.
Алматы облысына қарасты Шамалған темір жол бекетіндегі жантүршігерлік апат былтыр 15 қыркүйекте болған еді. Кешқұрым өткелде тұрған автобус бен жолаушылар пойызы соқтығысып, қоғамдық көлік жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Автобуста болған 20 адамның 16-сы одан дер кезінде шығып үлгерді. Ал шыға алмай қалған бір жолаушы әйел мен оның екі баласы ауруханада ауыр халде ұзақ жатқан болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!