COVID-19: Қазақстандық екпені жасап шығаруға қанша уақыт керек
Елімізде 820 медициналық қызметкер COVID-19 вирусын жұқтырған. Бұл – ауруға шалдыққан жалпы науқас санының 30 пайызы. Қауіпті кесел әсіресе орта және кіші медицина мамандары арасында дендеп тұр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
27.04.2020
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР ДСМ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау комитетінің төрағасы:
- Жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігерлердің вирус жұқтыруы аз. Бұл сақтық шараларын сақтап, жеке қорғаныс құралдарын киіп жүруімен байланысты. Ал емханалар мен көпбейінді ауруханаларда жағдай мүлдем олай емес. Бір жағынан келушілер саны көп, олардан вирус жұқтыру ықтималдығы жоғары.
Дертті жұқтырған ақхалаттылар қайта-қайта скринингтен өтіп жатыр. Ауруды анықтайтын тесттердің жеткілікті болуы үшін Президент те бүгін пәрмен берді. Қазіргі уақытта күніне 16 мың шетелдік ПЦР тест қолданылып жатыр. Ал отандық тесттер екі аптадан кейін ғана зертханаларда пайда болады. Қысқа мерзім ішінде отандық тест жүйесін қолға алуды міндеттеген мемлекет басшысы үкіметке вакцина әзірлеуді де тапсырды. Бірақ вирусқа қарсы екпе әзірге дайын болмайды. Қазақстанға мұндай препаратты әзірлеу үшін үш жылға жуық уақыт қажет. Десек те, шетелде екпенің жеті түрі клиникалық зерттеуден өткізіліп жатыр.
Арнұр Нұртаев, «Дəрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының» бас директоры:
- Екпеге қатысты айтар болсам, бүгінде коронавирусқа қарсы 7 екпе клиникалық зерттеуден өткізілуде. Оның 4-еуі – Қытайдікі. Ал отандық вакцинаны әзірлеуге жарты жыл, тағы клиникалық зерттеуге жарты жыл уақыт қажет. Коронавирустан қазақстандық екпені жасап шығару үшін бізге үш жыл керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!