{metadescription}

Қасым-Жомарт Тоқаев: Енді мүлдем жаңа жағдайда өмір сүреміз 

Елдегі төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бүгін Ақорданың сайтында жарияланды. Енді Үкімет төтенше жағдай мерзімі аяқталған соң ел экономикасын қайтадан даму соқпағына түсіруге дайын болу керек. Осыған орай қалалардағы карантин тәртібі де біраз жеңілдетілуі мүмкін. Бірақ адам көп жиналатын орындар әлі де жабық болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде Төтенше жағдай режимі мамырдың 11-іне дейін созылатын болды. Талай сарапшылар мамырдың ортасына дейін барар деп топшылап жүргендіктен, мұны елге тосын жаңалық болды деуге әсте болмас. Бірақ қашан айтыларын күтіп жүргені анық еді.

Енді мамыр айындағы Жеңіс күні, Отан қорғаушылар күні мерекелерін жылдағыдай салтанатты әскери шерумен емес, әркім үйде отырып атап өтеді. Мерзімді созу себебі, жағдай әлі мәз емес. Әлемде ауырғандар саны 3 миллионнан асса, елімізде 3 мыңға таяп қалды. Ал осындай қысылтаяң шақта ел тұрғындары мен бизнесті қолдауға жалпы көлемі 6 триллион теңгеге жуық қаражат бөлініпті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Заңға сәйкес, 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталады. Сонымен қатар Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын. Алдымен вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастауға болады.

Президент әлі де еркінсуге болмайтынын ескертіп отыр. Себебі, карантин талаптарынан бір сәтте бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп алуымыз мүмкін. Тоқаев пандемияның екінші толқыны басталып кету ықтималдығын да жоққа шығармайды. Сондықтан адам көп жиналатын орындар әлі де жабық болмақ: сауда, ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, мейрамханалар, саябақтар жұмысын әзір бастамайды. Студенттер мен оқушылар қашықтан оқытуын жалғастыра береді. Күн жылығанда бала-шағаны үйге қамап отырған ата-аналардың да жағдайына алаңдаулы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Оқшаулану кезінде ата-аналарға кішкентай балаларымен төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес. Мемлекеттік комиссия әкімдіктермен бірлесіп, аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесін ойластыруға тиіс. Әрине, алдымен барлық санитарлық нормалар мен санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек. Карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынғанымыз жөн.

Үкімет пен Ұлттық банк президент тапсырмасымен мамырдың 11-іне дейін елдің экономикалық дамуын қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарын әзірлеуі тиіс. Онда дағдарыстан зардап шеккен салаларға қолдау көрсету шаралары қамтылады.

Президент Жарлығымен елімізде 16-шы наурыздан бастап Төтенше жағдай тәртібі орнаған. Содан бері ел тұрғындары шамамен екі айға жуық қатаң тәртіп жағдайында өмір сүріп келеді. Осы корона дағдарыстан кейін президент енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретінімізді осымен бірнеше рет қайталап айтып отыр. Нені меңзегенін 11 мамырдан кейін біліп қалармыз.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде