Карантинде астыртын кәсібін дөңгелеткен бизнесмендер анықталды
Төтенше жағдай талабын белден басты! Қауіпті індеттен сақтану үшін еліміз бойынша карантин жарияланып, қатаң шектеулер қойылғанымен, оны кейбір кәсіпкерлер пысқыратын емес. Бизнесмендер жасырын түрде жұмыс істеп, табыс тауып жүр. Мұндай деректер Алматы мен Таразда анықталды. Астыртын кәсібін дөңгелеткен кімдер?
Автор: Руслан Әбдіхалық
28.04.2020
Иесі қалталы ма, балталы ма, ол жағы белгісіз. Әйтеуір күн-түні Алматыдағы монша кәсібін үзбеген. Бұл видеоны әлеуметтік желіге жүктеуші VIP-қонақтарға арналған монша кешені деп көрсеткен. Тек дөкейлер келетінін қымбат көліктерден аңғаруға болады. Келушілерге тіпті буын бұрқыратып табақпен ет тартып жүр. Төтенше жағдай тәртібіне бағынбаған кәсіпкердің кім екені қазір анықталып жатыр.
Тараздағы жағдай. Астыртын жұмыс істеген. VIP емес, жай монша. Бірақ келіп-кетушілердің қарасы өте көп. Қалалық штаб өкілдері төтеден келгенде ері де, әйелі де кірерге тесік таппай тентіреп кетті. Тіпті кимдерін ілер-ілместен қашқандары бар. Монша иесі: «Тек туыстарым үшін уақытша аштым» деп ақталған. Бірақ құзырлы орын өкілдері бұған иланбады. Енді ол әкімшілік жауапқа тартылады.
Таразда шаштараз ойда жоқта ұсталып қалды. Тәртіп сақшылары жасырын жұмыс істеген салонның үстінен кездейсоқ түскен. Мұнда тек ерлер бөлімі істеп тұр. Бас-аяғы алты клиент болса да, тәртіп сақшылары олар тұрақты келушілер дейді.
Айнұр Рақышева, Жамбыл облыстық ПД естірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы:
- Есік ашалып тұрғаны көрінді. Ішке кіргенде осындай дерек анықталды. Алдын ала ешкім қоңырау соққан жоқ, ешкім айтқан жоқ. аумакқты қарап жүргенде анықталды.
Аталмыш дерек бойынша енді нысан иесіне де, шаштаразшы мен клиенттерге шара қолданылады. Жалпы, өңірде 886 төтенше жағдай тәртібін бұзу дерегі тіркелген. Оның жартысынан көбіне айппұл салынса, 80 адам қамауға аланыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!