Ернар Айдар лотереясы – алаяқтық. Көліктер жалға алынған, пәтер – жалған
Алдымен сендіру, артынша лақтыру! Өткен аптада карантин режимін бұзды деп қамалған әнші Ернар Айдар бастаған топтың алаяқтыққа қатысы бары ақыры ресми расталды. Алматының Экономикалық тергеу департаменті лотерея ұйымдастырғандарға «алаяқтық» бабымен тергеу басталып кеткенін мәлімдеді. Сөйтсе, «қулығына құрық бойламайтын» пысықайлар жарнамадағы көліктерді жалға алыпты. Бас жүлдеге тіккен пәтері де жалған екен. Ал аңғал тұрғындарға 9900 теңгеден 20 мың билет сатып үлгерген.
Автор: Асқарбек Қазанғап
28.04.2020
- Ассалаумағалейкум, сүйікті менің тыңдармандарым! Сіздер арманға сенесіздер ме? Біз сіздердің армандарыңызды орындау ниетімізбен «ЕА конкурс» атты ұтыс ойынымызды ашық деп жариялаймыз.
Көпшілік арманына сенді. Бәлкім, Ернар арқылы арманына тезірек жеткісі де келді. Сондықтан болар, тіптен билет алуға соңғы тиынын да санап берді. Қымбат төрт көлік пен Алматының қақ ортасындағы бір бөлмелі пәтер түсіне де кірген болар. Тәтті қиял бір-ақ сәтте күл болған соң, сан соққандар енді сүйікті әншісінің күйдіріп кеткеніне қапалы.
- Мен төрт билет алған болатынмын. Ойын әділетсіз өтті. Бүкіл халық біледі оны. Тікелей эфирде бәрі келісіп істеді. Халықты алдағаны үшін тиісті жазасын алсын деп ойлаймын.
- Төрт машина, бір үй деді. «Үмітсіз шайтан» деп келініме алдырғанмын. Мен де бір бағымды сынап көрейінші. Сонымен мынадай жағдай болды. Кімге сенерімізді білмей қалдық.
Конкурс 23 наурызда ашық деп жарияланды. Екі айдың ішінде құны 9990 теңге тұратын 20000 билет сатылған. Калькуляторға салсаңыз, бұл 199 800 000 теңге! «Әне өтеді», «міне болады» деумен ұтыс күні 23-сәуірге бір-ақ шегерілген. Инстаграмның тікелей эфирінде басталған конкурстың топалаңға ұласқанына көпшілік куә болды.
О баста карантин режимін бұзды деген желеумен қамалғандардың енді алаяқтыққа қатысы бары белгілі болды. Көпті қызықтырған көліктер өздерінің емес, өзгенікі екен. Бірақ, әнші Ернар Айдардың өзі әзірге бұл істе куәгер ретінде жауапқа тартылған.
Жақсылық Мырзахан, Алматы қалалық Экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі:
-Тіккен автокөліктердің ешқайсы да ұтысқа берілмейтіні белгілі болған. Өйткені бұл автокөліктердің барлығын басқа азаматтардан жалға алған. Яғни, әрбір сағатына жалға төлеп, сол ұтыс ойнататын кезде тікелей эфирден көрсету үшін алынғандығы анықталды. Және ең басты сыйақы – пәтер. Қандай да бір пәтер болмағандығы анықталды.
Бұл Ернардың бірінші лотереясы емес. Былтыр да осындай көліктер ұтысын ұйымдастырғанда, ол елді 10 мың теңгеге билет алуға шақырған.
- Бұл ойынға қатысу үшін құны 10 теңге тұратын купонды алу арқылы қатыса аласыз.
Ұтысты ұйымдастырушылардың негізгі көзірі – әншілер. Олардың танымалдығының арқасында қалтасын қампитады.
Жеме-жемге келгенде, мұндай ұтыста жапа шегетін сол баяғы қарапайым тұрғындар. Сенген әншілері «өзім де алдандым» деп ақталады. «Гарант Ломбард 24» оқиғасы әзірге ешкімге сабақ болмағандай. Ол кезде де алаяқ ұйымды жарнамалаған танымалдар мүләйімсіп, кешіріммен құтылды. Оңай олжаға кенелемін деп, бармақ шайнап қалудан сақ болайық!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!