{metadescription}
Қымбатшылық: Өңірлерде көтерме-тарату орталықтары салынатын болды
Қымбатшылық: Өңірлерде көтерме-тарату орталықтары салынатын болды

Қымбатшылық: Өңірлерде көтерме-тарату орталықтары салынатын болды

Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлері қымбаттады. Наурыз айынан бастап сәуірдің басына дейінгі қысқа мерзім ішінде негізгі азық-түлік түрлерінің құны 5 пайызға дейін өскен. Азық-бағасына енді Үкімет араласып, ұлттық тауар өткізу желісі, яғни, көтерме-тарату орталықтары кешенін құратын болды. Яғни, өңір-өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтап, таратып отыратын 24 көтерме сауда-тарату орталығы салынбақ. Үкімет осылайша нарықтағы азық-түлік бағасын төмендеткісі келеді.

Елімізде азық-түлік, көкөніс өнімдерін ұзақ уақыт сақтайтын сапалы қоймалар тапшылығы 70 пайыз, кей жерлерде 90 пайызға дейін барады. Оның үстіне, сауда-логистикалық инфрақұрылым нысандары арасында өзара үйлесім нашар. Осылай тізе беретін кемшіліктер жетерлік. Оның бәрі өндірушінің шығынын едәуір арттырып жіберген. Қала берді, елдегі 750 базардың ешқайсысы талапқа сай емес.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Тауарларды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заманауи жүк түсіру және температуралық қоймалардың жеткіліксіздігі бағаға тікелей әсерін тигізеді. Әрине, базарларда тауар ағындарын бақылау бойынша ақпараттық жүйе де жоқ. Бұл ретте өндірушілердің сөрелерге қол жеткізу тетігі бұрмаланған баға негізін, әділетсіз сауда үстемесін және белгілі кезеңдерде бағалардың негізсіз өсуін құрайды.

Төтенше жағдай салдары да бағаны қымбаттатып жіберді. Мәселені шешудің жолы деп, Сауда және интеграция министрлігі ұлттық тауар өткізу желісін құруды ұсынып отыр. Соған сай, өңір-өңірде азық-түлік тарататын үлкен қоймалар салынады. Жоспар бойынша, өндіруші азық-түлігін көтерме бағамен сол қоймаға өткізеді. Ал дүкен, қоғамдық тамақтану орындары дегендер сол жерден көтерме бағамен сатып алып отырады. Соның арқасында дүкендердегі баға төмендеуі тиіс. Осы тізбектің бәрі электронды биржада көрініп тұрады. Керек десе, экспортқа шығаруға да болады. Жалпы жоба 2022 жылға дейін үш кезеңде іске асырылып, 24-тен аса көтерме-тарату орталығы салыну керек.

Асқар Мәмин, ҚР Премьер-министрі:

- Бұл шамамен 4,8 млн тонна агроөнімді сақтауға, өңдеу мен таратуға мүмкіндік береді. Көтерме-тарату орталықтарын іске қосқанда бірінші кезеңнің өзінде баға белгілеудің ашықтығы және тиімді сауда механизмдерінің арқасында біз аграрлық өнім бағасы 25 пайызға дейін төмендейді деп болжап отырмыз.

Дәл осындай көтерме-тарату орталықтары Франция, Испания, Венгрияда тиімді қолданылып келеді екен. Біздікілер солардың тәжірибесін негізге алып отыр.

Бірінші кезеңде ауыл шаруашылық тауарларын сақтауға арналған 5 бірдей көтерме-тарату орталығын Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында салу жоспарланған. Онда биылғы күзгі 600 мың тонна өнімді сақтау көзделіп отыр. Жалпы жобаны іске асыруға 237 жарым миллиард теңге жұмсалмақ.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде