Дариға Назарбаева: Өзіміз өндіре алатын азық-түліктің импортынан бас тарту керек
Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі тағы да шет қалғалы тұр. Бұл сала дағдарыстан кейінгі даму кезеңінде мемлекеттік қолдауды иеленетін 361 кәсіпорын қатарында болмай шықты. Мұны анықтаған сенаторлар экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияға тиесілі тізімді мақұлдамады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.04.2020
Дариға Назарбаева, Сенат спикері:
- Кәсіпорындардың қазіргі тізімінде құрылыс пен сауда компаниялары көбірек, ал тау-кен және өңдеу өнеркәсібінің үлесі төмен. Экономикалық стратегияның басты мақсаты – импортты алмастыру саясатын күшейту. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі – аса маңызды, әрі біз өзіміз өндіре алатын азық-түліктің импортынан бас тарту керек.
Сенат депутаттары кәсіпорындарға қатысты шарттарды жаңартып, тұжырымдамаларды қайта қарау керек деп есептейді. Себебі, бұған дейінгі талап етілген шарттар «Қарапайым заттар экономикасы» мен экономикалық ахуалға сай келмейді екен. Жоғары палата ұсынысы бойынша, компанияларды таңдау мен қолдау шарттары өндіретін өнім түріне қарай әзірленуі тиіс. Мемлекеттік қолдау да нақты болуы шарт. Ал кәсіпорындар тізімі жаңа критерийлерді ескеріп, жасалған жөн. Ең бастысы, мемлекеттен көмек алуға үміткер кәсіпорындар өздеріне қандай міндеттемелер алатынын талдау жасап, нақты анықтау қажет.
Дариға Назарбаева, Сенат спикері:
- Бұл тізіммен ешқандай асығуға болмайды. Әзірге мемлекеттік көмек тетіктері мен құралдары нақты түсінікті емес, заңнамалық база да дайын емес. Қолдауға үмітті әрбір кәсіпорын ресми талаптарға сай келіп қана қоймай, олар жұрт алдында жұмыс орындарын сақтауға және ұлғайтуға, салықтық түсімдер, дамуға инвестиция салу жоспарына сай ішкі сұраныс пен экспортты қанағаттандыруға міндеттемелер алуы тиіс. Онсыз болмайды, қазір уақыт басқа.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!