{metadescription}
Қатаң талаптың салдарынан кәсіпорындар ашыла алмай жатыр 
Қатаң талаптың салдарынан кәсіпорындар ашыла алмай жатыр 

Қатаң талаптың салдарынан кәсіпорындар ашыла алмай жатыр 

Елімізде кешеден бері бірқатар кәсіпорындардың жұмыс істеуіне рұқсат етілгенімен, көбі әлі ашыла қойған жоқ. Өйткені төтенше жағдай кезінде қызметін жандандыра алатын компанияларға қатаң талап қойылған. Мәселен, техникалық жөндеу және көлік жуу орындарының алдымен арнайы тексерістен өтуіне тура келеді. Бірі сол комиссияның келуін күтіп отырса, енді бірі жұмысшылары қала сыртында қалып қойғандықтан ашыла алмай отыр.

Көлігін әбден шаң басқан жүргізушілер «автожуу бекеттері ашылады» дегенде елең еткен. Десе де, олардың қуануына әлі ерте. Алматыдағы машина жуатын орындар бүгін де жабық тұр. Себебі, кәсіпкерлер өз қызметіне рұқсат етілгенін кеше жұрт қатарлы естіпті.

Денис Глушков, автожуу орталығының әкімшісі:

- Түсіндіру жұмыстары жүргізілген жоқ. 27-сәуірден бастап ашылуға болатынын кеше интернеттен оқып білдік. Сөйтіп, әкімдікке өтініш жолдадық.

Сөйтсе, көлікке қызмет көрсететін барлық кәсіпорын ашылмас бұрын жіті тексерістен өтуі қажет екен. Өйткені санитар дәрігерлер оларға бірнеше талап қойып отыр.

Наталья Дягилева, Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Бірінші кезекте дезинфекциялық құралдар қажетті мөлшерде болуы керек. Қызметкерлер жеке қорғаныс заттарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ, залалсыздандыру режимі мен 2 метр арақашықтықтың сақталуы маңызды. Кәсіпкер жұмысшыларын ыстық тамақпен және ауыз сумен қамтиды. Әрі оларды жұмысқа алып келу және үйіне дейін жеткізуді ұйымдастыруы керек.

Көлікке қызмет көрсететін кей кәсіпорындар мұны орындай алмаса керек, жұмысын қайта бастауға асығып жатқан жоқ. Ал кей кәсіпкерлер қойылған талапты бұлжытпай орындап, комиссияны күтіп жүр. Бірақ тексерушілер келер емес. Ал енді бір кәсіпорындар ашылған күннің өзінде жұмыс күші жоғын айтады.

Алик Аллахвердиев, дөңгелек жөндеу орнының қожайыны:

- Әзір ашыла алмаймыз. Өйткені жұмысшы жоқ. Бәрі үйіне кетіп қалды. Мұнда Шымкент, Талдықорғаннан келген азаматтар жұмыс істейтін.

Кеше Сапарбек Тұяқбаев қаладан тыс жерде тұратын жұмысшыларға сенім артпай, жұмысқа алматылықтарды тартуға кеңес берген болатын. Бұған қоса, әкім орынбасары осы дүйсенбіден бастап ашылған қаржы ұйымдарын жіпке тізді.

Сапарбек Тұяқбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

- Қаржы саласының 50 пайызға дейінгі қызметкерлерінің жұмысқа шығуына рұқсат берілді. Оның ішінде айта кететін болсақ, екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, брокерлер, сондай-ақ, ломбардтар. Бірақ ломбардтар клиенттерді қабылдаусыз, тек қана уәкілетті органда тіркеуден өтуге байланысты ғана қызметтеріне рұқсат беріледі.

Тек бұл қатарға ақша айырбастау орындары кірмеген. Ал Нұр-Сұлтанда жылжымайтын мүлікті бағалаумен айналысатын риэлторлық компаниялардың қызметіне рұқсат берілді. Бірақ олар тұрғындарды алдын ала жазылу бойынша қабылдауы тиіс. Ал тұрмыстық техника мен саяжай маусымына қажетті тауарлар сататын ірі дүкендер ашылу үшін мына ережелерді сақтауы керек:

Бахтияр Мәкен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары:

- Көлемі 2 мың шаршы метрден асатын электр жабдықтарын сататын дүкендерде оқшаулағышы бар медициналық пункт міндетті түрде болуы тиіс. Қызметкерлері әр ауысымның алдында және соңында тексеруден өтуі керек. Қолма-қол төлем жүргізілмеуі шарт.

Қызметіне рұқсат етілген компаниялардың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауы маңызды. Егер қосымша тексеру кезінде бұл ережелердің бұзылғаны анықталса, кәсіпорынды жабуға шара қолданылады дейді шенеуніктер. Аталмыш рұқсаттар негізінде Алматының өзінде 90 мыңнан аса адам жұмысқа қосылады деп күтілуде.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде