COVID-19 Тәжікстанға жетті. Әлсіреген экономика. Індет бәсеңдеген елдер
Коронавирустың барын Тәжікстан да мойындады. Бұл елде вирус бірден 15 адамға жабысыпты. Осы ақпаратты Тәжікстанның денсаулық сақтау министрлігі жариялады. Жалпы, әлемде қауіпті кесел жұқтырғандар саны 3 миллион адамнан асты. Ал індеттен 230 мыңға жуық адам көз жұмған. Сарапшылар жұқпалы дерттің таралуы тоқтамаса, миллиондаған компания құрдымға кетіп, жаһанды жұмыссыздық жайлауы мүмкін екенін айтуда.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
30.04.2020
Төрткүл әлемге таралған індет Тәжікстанға да жетті. Аталмыш елдің Денсаулық сақтау министрлігі вирус бірден 15 адамнан анықталғанын хабарлады. Айта кетейік, Тәжікстан осыған дейін аты жаман ауру таралмаған елдердің тізіміне кірген еді. Бір-ақ сәтте елдегі ахуал өзгеріп шыға келді. Енді тәжіктер сақтық шарасын күшейтуді жоспарлап отыр.
Киевтің кәсіпкерлері қауіпті кеселдің кесірінен миллиондаған шығынға батқан. Банкроттың аз-ақ алдында тұрған олар бүгін үкімет үйіне жиналып, жанайқайын жеткізді. Наразы топ карантинде шағын және орта бизнес өкілдеріне билік қолдау көрсетсін деген талап қойды. Бірақ шу шығарғандарға шенеуніктер үн қатқан жоқ. Айта кетейік, Украинада індетке шалдыққандар саны он мыңнан асып, 261 адам вирустан көз жұмған.
Алты құрлыққа ауыз салған вирус АҚШ-тың экономикасын да әлсіретті. Соңғы екі айда Құрама Штаттарда сауда-саттық азайып, экономикалық әлеует 5 пайызға төмендеген. Оған қоса алпауыт мемлекетте коронавирус жұқтырғандар саны милион адамнан асса, ауру құрбандары 61 мыңға жетті.
Ұлыбританияда өлім саны бір тәулікте күрт көбейіп, көңілсіз көрсеткіште үштікті түйіндеді – елде аурудан ажал құшқандар 26 мыңнан асып жығылған.
COVID-19 вирусынан қатты зардап шеккен – Еуропа елдері. Сарапшылар пандемиядан кейін кәрі құрлықта жұмыссыздық белең алады деп отыр. Жалпы, жаһан бойынша нәпақасынан қағылып, екі қолға бір күрек таппай отырғандар көбейген. Мамандар жұмыссыздардың саны алдағы уақытта 1,5 млрдқа жуықтайды деп болжады.
Ми Фенг, Қытай денсаулық сақтау комиссиясының өкілі:
- COVID-19 вирусы жабысқан жандар соңғы күндері азайған. Үш науқастың екеуі қазір аурудан айығып шығуда. Бірақ басқа елдердегі ахуалдарды біле тұра, біз сақтық шараларын күшейтіп жатырмыз.
Қытаймен қатар коронавирус қарқыны бәсеңдеген елдер тізімінде Оңтүстік Корея бар. Бұл елде карантин ережелері жеңілдетілгеніне қарамастан, соңғы тәулікте вирус бірде-бір адамға жабыспаған. Кореялық сарапшылар кеселдің шарықтау шегінен «өтіп кеттік» деп отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем бойынша індетке душар болғандар 3 миллион 200 мыңнан асса, өлім саны 230 мыңға жуықтады. Дегенмен жұқпалы дерттен 983 мыңнан аса адам құлан-таза айығып шыққан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!