Сау етіп кіріп келген арнайы жасақ «құмарға батқан» 30 адамды ұстады
Алматыда төтенше жағдай тәртібін бұзып, астыртын казино ашқандар қолға түсті. Тұрақты клиенттер жинап алған құмар ойын алаңы нағыз покер мен америкалық рулет ойындарының қызған ортасына айналған.
Автор: Ербол Тұрымбет
30.04.2020
Жедел іздестіру шарасы сәуірдің 24-інен 25-іне қараған түні қала орталығындағы әкімшілік ғимараттардың бірінде өткен. Сау етіп кіріп барған арнайы жасақ құмар ойынға келген 30-дан астам адамды ұстады. Тінту барысында аумағы мың шаршы метрден асатын казинода покер және америкалық рулет ойындарына арналған 6 ойын үстелі, көптеген карталар мен фишкалар, сондай-ақ, заңсыз қызметтен бір күнде түсетін ірі мөлшердегі ақша қаражаты табылған. Қазір заңсыз ойын мекемесін ұйымдастырушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
Данияр Ақуан, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаменті басшысының орынбасары:
- Астыртын казиноға қатысы барлардың бәріне қатысты төтенше жағдай режимін бұзу дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 18-іне қатысты соттың шешімімен бес тәулікке дейінгі әкімшілік қамау қолданылып, 6 тұлғаға қатысты жалпы сомасы 166 680 теңге айыппұл салынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!