Сенаторлар: Нашақорлықпен күреске БАҚ өкілдері жұмылдырылуы керек
Қазақстанда есірткі саудасы әлі есіріп тұр. Өткен жылы бес мыңға жуық адам есірткі қылмысы үшін темір торға тоғытылған. Интернет беттерінде көкнәрді оңай саудалап жүргендер де ұсталып жатыр. Әрі биыл Қылмыстық кодексте нашақорлықпен айналысқандарға жаза қатаңдатылған болатын. Алайда бұл шаралар әлі де аздық ететін сыңайлы. Өйткені елдегі нашақорлық одан бетер ушықпаса, азаятын емес.
30.04.2020
Бұның бірден бір себебі – Қазақстанда есірткімен күрес лайықты деңгейде жүргізілмейді дейді сенаторлар.
Елімізде есірткі бизнесінің екпіндеп тұрғаны жасырын емес. Қылмыстық топтарды құрықтап, есірткімен күреске қарсы көптеген шара қабылданып жатқанымен, нәтиже жоқ. Өйткені насихаттау жүйесі әлсіз.
Андрей Лукин, Сенат депутаты:
- Қазақстанда, өкінішке қарай, есірткіге қарсы күресті насихаттау жүйесінің жағдайы мәз емес. Қазір есірткіге тәуелділіктің өсуі, есірткі шегіп алып қылмыс жасаудың көбеюі. Үкімет қоғам тарапынан шұғыл шаралар қабылдауды талап етеді. Қазақстанда наркомания проблемасына баса назар аудару керек.
Сенатордың сөзін Жоғары палата спикері де қоштай кетті. Дариға Назарбаева: «Есірткіге тәуелді болып кеткен адамдарды қалыпты өмірге қайтару керек», - дейді. Статистика бойынша, елімізде ресми түрде 300 мың нашақор тіркелген. Сондай-ақ, спикер есірткі транзитімен күресетін шекарашылардың жұмысын сынға алды.
Дариға Назарбаева, Сенат спикері:
- Бізде нашақорлық тақырыбы дегенде, үндемей қалатын әдет бар. Бұл салада проблема жоқ сияқты қараймыз. Профильді комитет бұл сұрақпен айналысса дұрыс болар еді. Біздің шекарашыларымыз есірткі тауарының елден транзитпен өтуінің жолын қалай кесіп жатыр? Ол да үлкен сұрақ. Оған қарсы барлық техникалық мүмкіндіктер, заманауи әдістер бар. Ықылас бар ма, әлде жоқ па?
Есірткі саудасы интернетте жүріп-ақ тұр. Жарнамалаушы сайт көп. Депутаттар мұндай сайттарды бұғаттау қажет деп отыр. Бірақ, құқыққорғаушылар сайттарға тыйым салынғанымен, жаңбырдан кейін пайда болған саңырауқұлақ секілді, бәрібір қаптап кетеді. 2020 жылдың үш айында 438 сайт «мен мұндалаған» жарнамасы үшін бұғатталса, интернетте есірткі тәртібін бұзған 71 дерек тіркелген. Сенаторлардың ұсынысы бұл ғана емес.
Андрей Лукин, Сенат депутаты:
- Қоғамдық орындарда есірткі шеккен адамдардың жүруіне жол бермеу керек. Әйтпесе мұндай әрекетті көрген кезде құқық қорғау органдарының есірткіге қарсы шараларды қабылдамай отыр деген қате түсінік қалыптасады. Синтетикалық есірткі және оның түрлерін тез анықтайтын жаңа жабдықты сатып алуды қаржыландыру қажет.
Өткен жылы есірткінің заңсыз айналымымен айналысқан бес мыңға жуық адам ұсталған. Ал 2020 жылдың бірінші тоқсанында есірткі саудасын қыздырған 1200 қазақстандықтың қолына кісен салыныпты. Биылдан бастап есірткіге қатысты қылмыстық кодекстегі кейбір баптар қатаңдатылды.
Халық қалаулылары нашақорлықпен күреске бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері жұмылуы керек деген пікірде. Журналистердің мәселенің мәнін, қалай шешіліп жатқанын халыққа нақты жеткізіп отыратынына сенімді. Сонымен қоса, мәслихат депутаттары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де атсалысқаны жөн. Бұның барлығы әзірге тек ұсыныс. Депутаттық сауалға Премьер-министр Асқар Мәмин жауап беруі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!