Дариға Назарбаева Түркістан облысында дағдарып қалған диқандардың мәселесін көтерді
Дариға Назарбаева бүгін Түркістан облысында 300 мың тоннаға жуық қырыққабатын қайда өткізерін білмей дағдарып қалған диқандардың мәселесін де көтерді. Күллі әлем аштыққа ұрынбаудың амалын жасап жатқанда, есіл еңбекпен келген азықты рәсуа қылмау керектігін айтқан Сенат спикері өз ұсынысын білдірді.
Автор: Ербол Тұрымбет
30.04.2020
Дариға Назарбаева, Сенат спикері:
- Бүкіл әлем көптеген елдерде аштық болуы бек мүмкін деп дамылсыз айтып жатыр. Ал біз жинап алған дайын өнімімізді қайтерімізді білмей отырмыз. Мәселені мәслихаттар мен ревизиялар қатаң бақылауға алу керек. Барлық мемлекеттік және жекеменшік қоймалардың қаншалық толтырылғанын тексеру керек.
Жүздеген диқан пісіп жетілген өнімін қайда сатарын білмей отырғаны туралы бұған дейін айтқан едік. Әдетте Ресейге өткізіп үйренген оларға шекара жабылған соң қиын болған. Себебі, біздің көкөністі қабылдап алатын көрші елде дүкендер, базарлар, қоғамдық тамақтану орындары мен басқа да орындар жабылған. Сондықтан шаруалар өнімін қайда жіберерін білмей отыр. Ел ішінде де бұл көкөністі тұтынатындар аз болған соң, бағасы тіпті түсіп кетіпті. Енді бау-бақша алқабында жатқан 300 мың тоннаға жуық өнімді өткізуге мемлекет көмектеспесе, күнгейлік шаруалардың еңбегі еш кетейін деп тұр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлер өнімін жинай бастаған шақта, 2-сәуірден бастап экспортқа салынған шектеулерді алып тастағанын айтуда. Соның арқасында 4 мың тонна қырыққабат сыртқа сатылған. Дегенмен көршілеріміз біздің өнімді толық көлемде қабылдай бастамайынша, жағдай оңалмайын деп тұр.
Жанжігіт Омархан, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің баспасөз хатшысы:
- Өңірлік тұрақтандыру қорлары өздеріне тұтынуға қажетті азық-түлік қорын сатып алғаннан кейін министрлік тарапынан 14-сәуірден бастап барлық тыйымдар алынып тасталды. Тыйымдар алынып тасталғаннан кейін қырыққабатты шетелге экспорттау бойынша 20 мың тоннаға жуық қырыққабат экспортталды, 971 фитосанитарлық сертификат берілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!