Дариға Назарбаева: Мемлекеттен көмек алатын тізімде медициналық компаниялар неге жоқ?
Сенат спикері еліміздегі экономиканы қалыптастырушы кәсіпорындар тізімін тағы сынады. Өйткені дағдарыстан кейінгі даму кезеңінде мемлекеттен көмек алуға үмітті 361 кәсіпорынның қатарында медицинаға қатысы бар бірде-бір компания енбепті. Ең болмаса, қазір ауадай қажет қорғаныс құралдарын шығаратын кәсіпорынның тізімге ілікпеуі Дариға Назарбаеваға ұнаған жоқ.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
30.04.2020
Дариға Назарбаева, Сенат спикері:
- Біз еліміздің жүйе қалыптастырушы кәсіпорындар тізімінің жобасын көрдік. Оның құрылу принциптеріне қатысты депутаттар өз пікірлерін ашық айтты. Бірақ, мынадай сұрақ туындайды: осы тізімде медициналық бетперделер немесе дезинфекция құралдарын шығаратын, тым болмағанда, бір кәсіпорын бар ма? Ал Президенттің тапсырмасы бойынша отандық тест-жүйелерін, иммунды биологиялық препараттарды өндіретін, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығаруға дайын кәсіпорындар қайда?
Бетперде мен дезинфекциялық құралдар өндірісін қарқынды дамытуды қолға алу маңызды. Өйткені елімізде төтенше жағдай кезінде жеке медициналық қорғаныс құралдарының тапшылығын сезініп жатқандар бар. «Жетіспеушілік қарттар мен балалар үйі және интернаттарда қатты байқалуда», - дейді Сенат спикері. Дариға Назарбаева аталған әлеуметтік мекемелер тек қалған-құтқан қорғаныс құралдарымен қамтылатын сияқты деп кесіп айтты. «Сол себепті, бұл мәселенің шешімін табу керек», - дейді.
Дариға Назарбаева, Сенат спикері:
- Депутаттарға және жеке маған да азамтар мен осы медициналық-әлеуметтік мекемелердің өкілдерінен қорғану және санитарлық гигиена құралдарының тапшылығы туралы өтініштер үнемі келіп түсуде. Халықаралық және отандық тәжірибе көрсеткендей, олар – қоғамның ең осал бөлігі. Ол адамдар мүлдем ұмыт қалғандай әсерде қаласың. Қарттар мен балалар үйлері және мамандандырылған интернаттар қалдықтармен қамтамасыз етілетін сияқты. Қорқынышты тенденция. Мұның шешімін табу қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!