Біртанов халықты жаппай тесттен өткізудің үш түрлі жолын ұсынды
Қазақстан азаматтары коронавирус бар-жоғын анықтайтын тестті тұрақты түрде тапсырып тұруы мүмкін. Тіпті пандемия аяқталса да, азаматтардан сынама алу жоспарланып отыр.
30.04.2020
Денсаулық сақтау министрі бұл туралы өзінің Facebook парақшасына жазды. Елжан Біртанов халықты жаппай тесттен өткізудің үш түрлі жолын ұсынып отыр. Ең алдымен кесел жұқтырғандар және байланыста болған азаматтарды мемлекет есебінен сынақтан өткізу көзделген. Ал жұмыс істейтіндерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен, дәрігерлер мен әскерилерді бюджет есебінен тесттен өткізу жоспарда бар. Бұл санатқа кірмейтін азаматтар ақылы түрде тапсыра алады. Елімізде осы күнге дейін 250 мың тест сынамасы жасалған. Оған бюджеттен 2,8 миллиард теңге жұмсалыпты.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Болашақта мұндай тест тапсырып тұру қалыпты жағдайға айналуы мүмкін. Біз бұл мәселені талқылап жатырмыз. Азаматтарды сынамадан өткізу жиілігі жұмыс істейтін орны мен кәсіпорындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Мұндай жұмыс көптеген елдерде атқарылып жатыр. Бұл тұрғындардың өздерін қауіпсіз сезініп, ел ішінде немесе шетелде емін-еркін саяхаттауына мүмкіндік береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!