Тегін вакцинаның сапасына жұрт неге күмәнді?
Вакцина алуды міндеттеу – азаматтардың құқығын таптаумен тең! Осылай деген тұрғындар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілгелі жатқан өзгеріске қарсы петиция жазды. Оған 40 мыңнан аса адам қол қойыпты. Заң бойынша 13 түрлі ауруға қарсы екпе алуды міндеттеу жоспарланған. Алайда жұрт тегін салынатын вакцинаның сапасына үлкен күмәнмен қарайды. Себебін, тілшіміз білуге тырысты.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
01.05.2020
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске енгізілгелі жатқан өзгеріс көпшілікке ұнап отырған жоқ. Өйткені оған сәйкес, тұрғындар 13 түрлі кеселге қарсы екпені алуы керек. Әсіресе жатыр мойны обырына қарсы вакцина қатаң сыналды. Айта кетейік, бұл екпе қыз балаларға 11 жасында міндетті түрде салынады деп жоспарлануда.
Кристина Фирсова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Заңға қисынға келмейтін тармақтар қосылған. Міндеттелейін деп жатқан «А» вирусты гепатиті мен жатыр мойны обырына қарсы вакцина өте қауіпті. Өйткені олар толығымен зерттелмеген. Тіпті жатыр мойны обырына қарсы екпе бедеулікке әкелуі мүмкін. Бұған ғылыми дәлел бар. Менің төрт сіңілім бар. Олардың болашағына қатты алаңдаймын.
Аталмыш деректер жазылған Ашық хатқа 40 мыңнан аса адам қол қойған. Олар азаматтарға таңдау еркін қалдыруды талап етіп отыр. Ал екпе алуды міндеттеу – құқығымызды таптау деп есептейді. Мәселен, журналист Дана Орманбаева тегін вакцинаның сапасына үлкен күмәнмен қарайды. Өйткені бір аурудан қорғанамын деп, екінші ауру тілеп алғандарды талай көрген.
Дана Орманбаева, журналист:
- Екпеден кейін балаларында ауру пайда болған немесе бұрын бар ауруы асқынып кеткен ондаған отбасын білемін. Мәселен, аутистикалық спектрдің бұзылуы, жүрек аурулары, тіпті, церебральді сал ауруына дейін тілеп алғандар бар.
Дау тудырған құжат сәуірдің 15-30 аралығында қоғамдық талқылауға салынды. Бірақ тұрғындар өз наразылығымызды жеткізе алмадық деп өкпелі. Өйткені әлдебір ақауларға байланысты Egov-қа кіріп пікір жаза алмағандар да бар. Ал эпидемиологтар вакцина қауіпті індеттерге қарсы тапсырмас қару екенін алға тартады. Мәселен, сынға түсіп жатқан жатыр мойны обырына қарсы екпені қолданып келе жатқан елдерде бұл ауру атымен жойылған көрінеді.
Сәкен Әміреев, эпидемиолог:
- Вакцинаны бастаған – Австралия, одан кейін Америка. Қолданғанына 10-15 жылдай болды. Вакцина жасағандардың біреуінде де жатыр мойыны обыры жоқ. Кейбір елдерде тегін емес, олар ақша төлейді. Ал біз тегін жасап бергеннің өзінде, соған қарсы шығып, жасатпай, неше түрлі сөз айтуда. Қарапайым халық мына біздерге емес, басқа біреудің сөзіне ілесіп кетеді.
Кодекске енгізілетін өзгерістерді қазір Мәжіліс қарап жатыр.
Тимур Сұлтанғазиев, ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің төрағасы:
- Кодекс мақұлданғаннан кейін Үкіметтің қаулысы шығады. Ол жерде міндетті түрде жүргізілетін екпелер тізімі айқын белгіленеді. Вакцинаның бір бөлігі ерікті түрде салынатын болады.
Мамандар екпенің ең қауіпті ауруларды жеңу үшін жүргізілетінін тағы бір еске салды. Ал наразы тұрғындар таңдау еркін өзімізге қалдыруды соңына дейін талап етеміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!