Нұр-Сұлтан - Алматы рейсінің билеті қымбаттауы мүмкін
Бүгін бір айлық үзілістен соң алғашқы әуе рейстері ел астанасы мен Алматы арасында қайта жанданды. Бірақ әуе борттары жартылай толтырылуда. Өйткені қауіпсіздік мақсатында ұшақтағы жолаушылардың арасында бір орындық қашықтық сақталуы тиіс. Екі қаланың арасында ұшақпен қатынау ережелері қандай? Билет бағасы қымбаттауы мүмкін бе?
Автор: Нұрқанат Омарұлы, Асқарбек Қазанғап
01.05.2020
Бұл ұзақ үзілістен соң Алматыдан шығып, елордаға табаны тиген алғашқы жолаушылар. Халықаралық әуежайдың кіреберісінде барлығы тексерістен өтіп жатыр. Тиісті құжаттармен қоса, әр жолаушыда covid-19-дың жоқтығын растайтын анықтама міндетті түрде болуы шарт. Әрі барлығының дене температурасы 36,6 деген межеден не төмен, не жоғары болмауы тиіс. Жолаушылардың басым көпшілігі арнайы анықтаманың құны қалтаға салмақ түсіретінін айтып отыр.
Ирина Смирнова, жолаушы:
- Коронавирустың жоқтығын растайтын тестті 19 мың теңгеге тапсырдым. Меніңше, бұл өте қымбат. Өмір бойы салық төлеп келемін. Бұл анықтамаларды тегін алуға еңбегіміз сіңді деп ойлаймын.
Әуежайдың бір айлық үзілістен кейінгі жұмысқа қызу дайындығы анық байқалады. Жолаушылардың арасында әлеуметтік қашықтықтың сақталуы қатаң бақылауға алынған. Арнайы жолақтар мен жапсырмаларда қауіпсіздік шаралары жайлы тәптіштеп жазылған. Бүгіннен бастап бір айлық кеткен есенің орнын толтыру еңбегі басталғанын айтқан жөн.
Дәулет Хамзин, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының атқарушы директоры:
- Әуежай бір айдай жұмысын тоқтатқандықтан, кіріс мүлдем болмады. Санитарлық-эпидемиологиялық шараларды ұйымдастыруға да айтарлықтай шығынға баттық.
Ел астанасындағы халықаралық әуежайда әзірге күніне 4 рейске қызмет көрсетіледі. Қазақстан авиациясының әкімшілігі таратқан дерекке сенсек, әуе компаниялары билет құнын қымбаттатуға мәжбүр болады.
Негізінен ұшақ бортына барлығы 149 адам сияды екен. Алайда арада бір орындық арақашықтықты сақтап отырғызғандықтан, қазір 56 жолаушы бар. Белгілісі, осындай шектеулердің кесірінен әуе компаниялары банкротқа отыруы мүмкін.
Айта кету керек, бүгін тек ел астанасы мен Алматы аралығында ғана әуе қатынасы жанданды. Мамырдың 4-нен бастап Петропавл, Семей, Өскемен және Қызылордаға ұшақ қатынасы іске қосылады.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы карантинге дейін 200 әуе рейсіне қызмет көрсеткен екен. Ал төтенше жағдайға байланысты бұл көрсеткіш 20-ға дейін кеміген. Әуежайдың шығыны қанша? Бұл қазіргі уақытта әлі есептеліп жатыр.
Алматы әуежайының тамырына қайтадан қан жүгірді. Қырық күннен бері тұрақта тұралаған әуе кемелері көкке көтерілді. Ұшып келіп жатқан жолаушыларда қуаныш пен толқыныс сезімі қабаттасып жатқандай. Өйткені көбі жақындарына қанша уақыттан кейін енді жетіп қауышып жатыр.
Баласын сағына бауырына басқан ана. Жарын күтіп алуға асыға жеткен әйел. Кездесу мен қоштасудың бекетіне айналған әуежай бүгін айырықша сезімге толы. Нұр-Сұлтаннан жеткен алғашқы рейстің жолаушыларын жақындары олимпиададан жеңіспен оралған чемпиондай қарсы алды.
- Транзитті рейс болған менде, Лондоннан. Сондықтан Астанада карантинде бір ай жаттық.
- Толқимыз әрине. Аздап қорқыныш болды. Бірақ та, бәрі жақсы.
Көбінің көңілінде коронавирусқа қатысты күдіктің көбесі сөгілмегенмен, ұшуға тәуекел еткен. Негізінен, карантинде шарасыз қалып қойғандар қайтып жатыр. Ал ұшақтар қайта ұшқанмен, таяқтың екінші ұшы бар. «Эйр Астана» билет құнын қымбаттатуы мүмкін. Жолаушыларды қашықтықта отырғызудың салдары компанияны шығынға батырады-мыс. Егер де 10 мамырға дейін бұл шектеу алынбаса, әуе компаниясы мәжбүрлі қадам жасамақ.
Питер Фостер, «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті:
- Әлеуметтік қашықтықты сақтағаннан, ұшақтың тек жартысына ғана жолаушылар отырғызылады. Қазір тек Қазақстанда емес, барлық әлемдегі әуе компаниялары шығынға батып жатыр. Мұндай шектеулер кезінде компанияның тарифті өзгертпей, жұмысын жалғастыра беруіне еш негіз жоқ. Қазіргі уақытта Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшаққа билеттің ең қымбат құны 36 мың теңге. Бұл карантинге дейінгі бағадан едәуір аз.
Осыған дейін Азаматтық авиация комитеті ұшақтар жартылай толған күйі ұшқанмен, билет құны қымбаттамайды деп еді. Соған қарағанда, «қазаншының өз еркі, құлақты қайдан шығарсаның» кері келейін деп тұрғандай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!