Елдегі жағдай: Соңғы тәулікте індет анықталмаған аумақ қалмады
Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны үш жарым мыңнан асты. Соның жартысына жуығы Алматыда емделуде. Соңғы бір тәуліктің өзінде мұндағы 100-ге жуық адамнан індет табылды. Ал Атыраудағы Теңіз кенішінен үйлеріне қайтарылған мұнайшылар да шетінен ауырып жатыр. Жамбылға жеткен тоғыз адамның сынамасы дұрыс болмай шыққан. Олар енді провизорлық орталықтан ауруханаға ауыстырылды.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.05.2020
Эпидемиологиялық ахуалға қатысты өңірлер арасындағы тізімнен Шымкент ешқашан түскен емес. Күн сайын, кем дегенде, 10 шақты адамнан індет табылып, қазір Шым шаһардағы ауру жұқтырғандар саны 200-ден асқан. Бірақ тұрғындардың бұрынғыдай емес, үрейі басылып, коронавирус туралы ақпарға да етіміз үйренді дейді.
Бауыржан Жасұзақов, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Әрине, коронавирус, коронавирус деп жатыр. Бәріміз қорқамыз. Денсаулық керек. Он шақты адам күніне тіркеліп жатса да, бірақ жұмысқа шығу керек. Етіміз үйреніп кетті.
Кереку өңіріндегі Екібастұзда індет дендеп тұр. Соңғы тәулікте анықталған 13 науқастың бәрі осы қала мен жақын маңындағы ауылдарда тұрады. Барлығының дерлік қызуы көтеріліп, тұмау белгілері байқалған. Науқастар коронавирус жұқтырғандармен бұрын байланыста болған. Вирус анықталғандардың екеуі – оқушы.
Наталья Нефедова, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары:
- Вирус анықталған балалардың анасы сол ауылдың мұғалімі. Ұл-қызының қызуы көтеріліп, тамағы қызарып кеткендіктен жедел-жәрдем шақырған. Кейін олардан алынған талдама Covid-19 вирусын жұқтырғанын растады. Қазір олар ем-дом қабылдауда.
Жамбыл облысындағы жағдай да мәз емес. Мұндағы 6 аудан мен Таразда вирус жұқтырғандар 132-ге жеткен. Соңғы анықталған 9 адам жақында ғана Атыраудағы Теңіз кенішінен келіпті. Мұнайшылардың сынамасынан індетті сол жақтан жұқтырып келгені белгілі болды.
Қазір вирус жұқтырғандар саны жағынан Шығыс Қазақстан облысы тізім соңында тұр. Мұндағы науқастар саны – 23. Соңғы үшеуінің індет жұқтырғаны туралы бүгін таңда белгілі болды.
Ал эпидемиялогиялық ахуалға байланысты тізімде бірінші тұрған Алматыда вирустың таралуы тоқтар емес. Бір тәулік ішінде 100-ге жуық адамнан коронаврус табылды.
Жалпы ел бойынша COVID-19 вирусы табылғандар саны – 3574. Олардың 899-ы жазылып шыққан. Араларында Алматыдағы орталық аурухананың 10 дәрігері бар. Ал осы күнге дейін 25 адам қайтыс болды. Соңғы бір тәулікте індет анықталмаған аумақ қалмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!