Көктемгі әскерге шақырудың мерзімі мен тәртібі өзгерді
«Коронавирус жоқ» деген анықтама енді әскерде керек болмақ. Анықтамасыз болашақ сарбаздар Отан алдындағы борышын өтей алмайды. Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқанының мерзімі мен әскери қызметке шақыру тәртібі өзгерді. Төтенше жағдайға байланысты, әскерге бармай қалған 17 мың қазақстандық әскерге қайта шақырылатын болды. Ал былтыр әскерге кеткен жастар әзірге үйіне оралмайды.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
04.05.2020
Коронавирус Қорғаныс министрлігін жылдағы жоспарынан жаңылыстырды. Салада біраз жұмыстың тұралап қалғаны рас. Бүгін Президент жарлыққа қол қойып, «тарихта болмаған» өзгерістер енгізді. Наурыз бен маусым аралығында өтуі тиіс әскерге шақыру науқанының мерзімі ауысты.
Көктемде әскерге кетуі керек болған 17 мың жігіт енді тамызда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Жастар заң бойынша 12 ай бойы қарулы күштер қатарында болады. Әскерге кетпес бұрын, болашақ сарбаздар COVID-19-ға қарсы ПТР тест тапсырмақ. Өңірлердегі қорғаныс департаменттері тегін тестпен қамтамасыз етеді.
Сәкен Жүсіпов, Қарулы күштердің бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің басшысы:
- Жергілікті атқарушы органдар әскери қызметке шақырылған азаматтарды ПТР-тестілеуден өткізу керек. Жас сарбаздарды медициналық тексеруден өткізу және әскери бекеттерге жинау кезінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талап сақталуы шарт. Көктемгі әскерге шақыруды аяқтау үшін 17 мыңнан астам азаматты шақыру жоспарланып отыр.
Ал коронавирустың кесірінен үйіне қайта алмай қалған жас сарбаздар қазір казармада. Былтыр көктемде әскерге кеткен олар вирусты жоюмен күресіп жүр. Киімі көк, тамағы тоқ. Қаржылай қолдау да бар.
Сәкен Жүсіпов, Қарулы күштердің бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің басшысы:
- Төтенше жағдайға байланысты өткен жылы әскерге шақырылғандарды запасқа шығару уақытша тоқтатылды. Олар әскери борышын атқаруды жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда 9 500 әскери қызметші патрульдеуді, дезинфекциялауды және басқа да міндеттерді іске асыруда. Төтенше жағдай режімі қалай алынады, біз де 2019 жылы көктемде әскерге шақырылғандарды запасқа шығаруды 30 маусымға дейін жүргізбекпіз.
Енді Қорғаныс министрлігі 2019 жылы әскерге аттанғандарды төтенше жағдай режимі бітісімен, сарғая күткен ата-анасымен қауыштырмақ. Барлық шаралар 30 маусымға дейін аяқталуы тиіс.
2020 жылдың күзгі әскерге шақыру науқанының мерзімі әзірге өзгеріссіз. Жылдағы дәстүрге сай, Қазақстанның қарулы күштері қыркүйек-желтоқсан айларында мыңдаған жаспен толықпақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!