Алматыда қызметі жанданған кәсіпкерлер қиындыққа тап болды
Алматыда бүгіннен бастап қайта ашылған кәсіпорындардың біраз шығындануына тура келген. Өйткені стоматология, шаштараз, гүл сататын дүкендер мен айырбас орындары термометр, медициналық мақсаттағы бір реттік өнімдер мен антисептиктер сатып алуға міндеттеліпті. Бұл аздай, олардың жұмыс уақытына шектеу қойылды. Сәйкесінше, табыстың да азаятыны анық. Қызметі қайта жанданғанымен, қиындыққа тап болған кәсіпкерлердің жайын тілшіміз біліп келді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
04.05.2020
Рамиль Қоңыратов мегаполистегі тіс емдейтін клиника иесі. Карантинге байланысты 16 наурызда стоматологиясын жабуға тура келген. Ал бүгін клиника қайта ашылды. Десе де мұнда қазір Рамильдің өзі ғана жұмыс істеп жүр. Өйткені басқалары қаладан тыс аумақта қалып қойған. Қызметкер тапшылығы аздай, мекеменің жұмыс уақытына шектеу қойылыпты. Салдарынан, табыс та азаймақ.
Рамиль Қоңыратов, стоматология иесі:
- Қазір 10-нан 5-ке ке дейін, әр сақатта бір клиент, дұрыс па? Жетеу ме? Бұрын сағат 9-дан 18-ге дейін жұмыс істедік. Сонда санаңыз, 4-5 адамға аз. Жалға алу бағасын түсірген жоқ. Кіріс аз болғанымен, жалға алу бағасы сол қалпы.
Әрі қайта ашылу үшін санитарлық талаптарды бұлжытпай орындауы тиіс. Жеке қорғаныс құралдарын көптеп сатып алыпты. Оған да қыруар қаражат жұмсалған. Өйткені бір реттік медициналық киімнің өзі 7 мың теңге тұрады. Сұлулық салондары да: «Қойылған талапты орындаймыз деп, шаш етектен шығындалдық» - дейді.
Гүлістан Гасанова, сұлулық салонының иесі:
- Әкімдік талап еткен заттарды түгел алдық. Бетперде, қолғап, антисептик, термометр – бәрі бар. Осының бәріне 200 мың теңгедей ақша кетті. Әрі салон жабық болған уақыттағы коммуналдық қызметтерге 100 мың теңгедей төледік.
Бүгін бұл салондағы шеберлердің жартысы ғана жұмысқа қосылды. Өйткені мұндай жерлерде әзірге тек шаш қиюға рұқсат. Қалған қызметті көрсетуге әлі де тыйым бар. Үшінші кезең аясында ақша айырбастау пункттері мен қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындардың да жұмысқа кірісуіне рұқсат етілді.
Сапарбек Тұяқбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Фотосалондар мен гүл киоскілері, жылжымайтын мүлікке қызмет көрсететін компаниялары, айырбастау пункттері жұмысын қайта бастайды. Қызмет көрсету саласы бойынша аяқ киім жөндеу, химиялық тазалау, баспа ісі бойынша нысандардың жұмысын іске қосу рұқсат етіледі.
Бұл жолы жұмысқа кірісудің жаңа алгоритмі бекітілген. Оған сәйкес, кәсіпкердің ең алдымен қалалық Бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысымен жіті танысуы қажет. Артынша соған сәйкес өз нысанын дайындайды. Сосын Infoalmaty.kz сайтына кіріп тіркелуі тиіс. Осыдан кейін ғана компаниялар клиент қабылдай алады. Қойылған талаптарды орындай алмаса керек, мегаполисте жабық тұрған сұлулық салондары мен стоматологиялар әлі де жетерлік. Шенеуніктер қызметі қайта жанданған кәсіпорындардың тексеріліп тұратынын ескертеді. Соның барысында санитарлық талаптардың сақталмағаны анықталса, кәсіпорынның қайта жабылуы мүмкін. Айта кетейік, осы рұқсаттар негізінде Алматыда 41 мыңнан аса адам жұмысқа қосылады деп күтілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!