Қазақстан COVID-19: Қаралы және қуанышты жаңалықтар
Коронавирус тағы екі адамның өмірін жалмады. Оның бірі – Қарағанды, екіншісі – Павлодар облысының тумасы. Ал соңғы екі күнде елімізде қауіпті кесел жұқтырғандар саны 400 адамға артқан. Осылайша Қазақстанда жұқпаға шалдыққандар саны 4 мыңға жуықтады. Әдеттегідей кеселдің кең таралуынан үш мегаполис көш басында.
Автор: Руслан Әбдіхалық
04.05.2020
COVID-19 вирусы бір күнде тағы екі адамның өмірін қиды. Қайтыс болғандардың бірі Қарағанды облысының тұрғыны. Бұл өңірде осымен екінші адам жұқпаның құрбаны болды. 62 жастағы Шахан аулының тұрғыны 5 сәуірде індет жұқтырды деген күдікпен ауруханаға түскен. Жағдайы ауырлаған соң, тоғыз күннен кейін Нұр-Сұлтанға жеткізіліпті. Алайда дәрігерлер ауруы асқынған науқастың өмірін сақтай алмады.
Гумаль Тоқсамбаев: Қарағанды облыстық ДСБ басшысының орынбасары:
- Жағдай ауырлаған әр науқас бойынша ұжымдық, бірлескен шешім қабылданады. Марқұмның жағдайы күрт нашарлаған соң, оны орталыққа жібердік. Бірақ ауруы қатты асқынғандықтан, құтқару мүмкін болмады. Бұл бізден астанаға ауыстырылған жалғыз науқас. Қарағандыда жағдайы ауыр басқа ешкім жоқ.
Екінші қайғылы жағдай Жамбыл облысында тіркелді. Бірақ қайтыс болған – 61 жастағы Павлодар облысының тұрғыны. Оның Жамбыл аумағынан өтіп бара жатқанда дене қызуы көтеріліп, бірден ауруханаға жатқызылған.
Кейін вирус жұқтырғаны расталған. Ал бүгін кісінің бақилық болғаны айтылды. Анықталғаны, 20 наурызда үйінен шыққан павлодарлық бір ай бойы Ресей, Беларусия, Польша, Чехия, Қырғыстан сынды елдерде болып қайтқан. Енді оның қай мемлекеттен ауру тапқанын анықтау мүмкін емес.
Ақтөбеде індет жұқтыру қарқыны күш алғандай. Бір тәулікте 13 дерек тіркелді. Арасында екі бүлдіршін бар. Белгілісі, оларға вирус тәртіп сақшысы болып қызмет ететін әкесінен тараған. Мамандардың мәлімдеуінше, 1 және 3 жастағы бүлдіршіндер қатаң бақылауда.
Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық ДСБ басшысы:
- Екеуі де бір үйдің балалары. Бірақ анасында теріс мәнді. Әкесінде анықталған. Қазіргі таңда арнайы палатаға жатқызылып, қажетті ем жүргізлуде. Жағдайы тұрақты.
Атырауда облыстық Полиция Дпартаменті бастығының орынбасары вирус жұқтырып алды. Берік Амангелдин кеше Теңіз кенішінен оралыпты. Ол жұмысшылар арасында наразылық туындағаннан кейін сонда аттанған. Енді көлік жүргізушісі екеуі ауруға душар болды. Аймақта жұқпаға шалдыққандар дерегі 184 адамға жетті. Әр өңірде көрсеткіштер сәт сайын өзгеруде.
Ал еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағанбетова сүйінші жаңалығын жеткізді. Оның айтуынша, елімізде жағдай тұрақталып келеді.
Айжан Есмағанбетова, ҚР Бас санитар дәргері:
- Бүгінгі таңда елімізде аурудан емделгендер саны артып келеді. Соңғы екі аптада жағдайдың тұрақталғаны байқалады. Яғни ауру жұқтырғандар дерегі 7 пайыздан аспады. Бұл қуанарлық жағдай. Демек карантиндік шаралар өз нәтижесін берді. Ортақ тәртіпке бағынған ел-жұртқа алғысым шексіз.
Соңғы дерекке сүйенсек, елімізде 4 мыңға жуық адам індетке шалдыққан. COVID-19 жұқтырғандар көш басында: Алматы мен Нұр-Сұлтан және Шымкент тұр. Аурудан айыққандар 1 100-ден асса, қайтыс болғандар 27-ге жетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!