Зерттеу: Елімізде адами капиталға екі жаhандық тренд әсер етеді
Әлемдік экономика және саясат институты сарапшылары елді жаңғырту мәселелері бойынша жүргізілген жүйелі сараптамалық зерттеудің нәтижесімен таныстырды. Ауқымды зерттеу жұмысы былтыр Тұңғыш Президент – Елбасы қорының тапсырмасымен басталған еді.
Автор: Ербол Тұрымбет
06.05.2020
Әнуар Боранбаев, зерттеу және консалтинг орталығының серіктесі:
- Қазақстандық сарапшылармен бірлесіп, елдің болашақ даму бағдары бойынша кешенді зерттеу жүргіздік. Ерекше атап өтерлік жағдай, ол – индустрияландыру. Өндірісі ең мықты елдердің бәрі оны бастан өткерген. Біздегі өзекті мәселе, соған лайық мамандарды қайта даярлау, бұл өте күрделі жұмыс.
Зерттеу барысында адами капитал мен еңбек нарығы, жаңа экономикалық модель, мемлекеттік басқару сынды бірқатар салалар қамтылған. Зерттеу жүргізген мамандар бірқатар өзекті мәселелерге тереңдей үңілген. Олардың айтуынша, елімізде адами капиталға екі жаhандық тренд әсер етеді. Бірі – дарындылар үшін күрес. Яғни, дамушы елдерден білімді жастардың сыртқа ағылуы күшейіп барады. Екіншіден, қазіргі заманда сауаттылық, ресми диплом дегендер уақыт өткен сайын үлкен табыс кепілі бола алмайды дегенге келтіреді. Сондықтан олар қоғамымызға ұтымды шешім ретінде «Ең алдымен – адамдар» қағидатын енгізу қажет деген пікірде. Яғни, елді дамытуға басты бағдарды экономикадан әлеуметтік салаға ауыстыру керек дейді.
Рахым Ошақбаев, «TALAP»қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы:
- Әлемдегі сияқты Қазақстан қоғамында да халықтың елді басқаруға қатысу қарқыны үдеп келеді. Себебі, елде инфокоммуникациялық төңкеріс болды. Соңғы онжылдықта жұрт гаджеттерді жиі қолданып, әлеуметтік желілерді пайдалана бастады. Мұның барлығы халықтың ел тағдырына деген ықпалын арттыруға әкеп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!