Сарыөзек саунасы: Карантинде сайран салған кімдер
Судья мен прокурордың саунадағы сайраны! Әлеуметтік желіде бір топ азаматтың моншадағы видеосы қызу талқыға түсті. Бейнеролик авторы сауық құрғандардың бірін – Кербұлақ аудандық сотының төрағасы, екіншісін – Панфилов ауданының прокуроры деп таныстырған. Іле-шала, Бас прокуратура мен Алматы облыстық соты аталмыш видеоға қатысты қызметтік тексеріс басталғанын мәлімдеді. Карантин кезінде моншада тер шығарғандар шын мәнінде кімдер?
Автор: Асқарбек Қазанғап
06.05.2020
Мұны КТК тілшісі анықтауға тырысты.
- Бүгін маған қонаққа Жаркенттен Саян ағам келді, біз демалып жатырмыз. Мынау соттың төрағасы...
Ішкен-жегенін тершіп-терлеген күйінде сипаттаған азамат саунадағы жағдайды кім болса да қызығатындай суреттеген. Көптің құлағы елең еткені, обьектив нысанына іліккендердің бірін судья деп таныстыруы. Желіде Жаркенттен келген құрметті қонақ – Саянды көпшілік прокурор деп топшылады.
Сарыөзек саунасындағы сауық ел арасына тез тарады. Артынша Алматы облыстық соты аталмыш видеоға қатысты қызметтік тексеріс басталғанын жеткізді.
Самат Авганов, Алматы облыстық сотының баспасөз хатшысы:
- Видеоны түсірген азамат – ол белгісіз азамат. Ол ешқандай сотқа қатысы жоқ. Анық-қанығын тексеріс аяқталған соң міндетті түрде ақпараттық сүйемелдеу салатын болады.Осыған орай сұрайтыным, азаматтардан асығыс тұжырым мен бұрмалау жасамауды, ақпарат таратуда тек ресми дереккөзге сүйенуге шақырамын.
Саунадағылардың арасында «әріптесі болды» деген ақпарат Бас прокуратураны да қалыс қалдырмады. Олар да бейнежазбаны майшаммен қарап жатыр. Панфилов ауданы прокуратурасының парақшасына кірдік. Аудан прокуроры делінген Саян Шалғымбаев расымен саунадағы адамнан аумайды. Тек, сайтта – киіммен. Кербұлақ аудандық сотының төрағасы Дінмұхамед Сейтовті де масайған жігіт ағасының егізі ме дерсіз. Қалай дегенмен, бұл жайттың ақ-қарасын құзырлы органдар жақын арада ажыратады.
Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын Көкшетаудағы моншада думандатқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің әрекеті әшкере болған. Карантин кезінде арқасын кеңге жайғандардардың бәрі дереу жұмысынан қуылды. Тіпті оларға құқық қорғау саласына қайтып келу құқы да берілген жоқ. Ал судья мен прокурордың Сарызөзек саунасында демалғаны расталса, бұл жолы қандай жаза қолданылады? Мақтанамын деп масқарасы шыққандардың өздері әзірге ләм-мим деп тіл қатпады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!