Ақтөбеде карантинге жабылатын үйді шатастырып, нағыз індет ошағы ашық қалған
Ақтөбеде бүтін бір подъездің тұрғындары екі күн бойы себепсіз қамалып отырған. Тәртіп сақшылары сыртқа шығармай, тіпті жақын маңдағы дүкенге де жібермепті. Сөйтсе, санитар дәрігерлер мен полицейлер карантинге жабылуы тиіс үйдің мекен-жайынан шатасқан екен. Осылайша нағыз індет ошағы бірнеше тәулік бақылаусыз қалса, басқалары қамалып отыруға мәжбүр болған.
Автор: Жаңалық Ахаш
06.05.2020
Ақтөбедегі Батыс-2 ықшам ауданының тұрғындары санитар мамандарға сенуден қалған. Себебі, індет ошағы деп карантинге жапқан подеъезден вирус табылмай, сондағы тұрғындарды екі күн себепсіз қамап қойыпты.
Шара Қанымкүл, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Органдардың бәріне, ІІБ-на телефон соқтық. Біреуі білмейді. Кім жіберді? Нұсқау берген адам жоқ. Екі күн тұрды солай. Жылап-еңіреп, бәріміз қатты қорықтық.
Тұрғындарға мамандар алғашқыда көршілерінен індет табылғанын айтады. Бастапқыда карантинге көндіккенімен, қолға еш қағаз ұстатпаған соң, жан-жаққа сұрау салыпты. Сол кезде санитар дәрігерлер мен полицейлер мекен-жайдан шатасқанын бір-ақ біледі.
Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаментінің басшысы:
- Жергілікті полиция қызметі тап сол №9 үй үшінші корпустағы подъезден кішкене шатасқан. Көп қабатты үйлерде подъездердің домофонында қай пәтерден қай пәтерге дейін жазылмайды. Шамалап санайды. «Мына үйден мынау үйге дейін» деп. Сөйтіп қасындағы көрші подъезбен шатастырып алған.
Осының кесерінен нағыз індет ошағы екі күн бойы ашық қалған. Вирус жұқтырған адам осы подъезде тұрады екен. Санитар мамандар мен тәртіп сақшылары мекен-жайдан шатасып жүргенде, мұндағы тұрғындар туған-туыстарына көшіп үлгерген. Ал он бес пәтерлі бүтін бір подъезде қазір карантинде небәрі үш отбасы отыр.
Айналдырған үш шаңырақтың адамдарының сынамасы дұрыс болып шығыпты. Енді жақындарын жағалап кеткендерді сұрастырып жатыр. Қазір Ақтөбеде 50 подъезд бен 22 жер үй карантинге жабылған. Ондағылар он төрт күн бойына сыртқа шыға алмайды, дүкен мен дәріханаға да бара алмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!