Жамбыл облысы: Теңіз кенішінен карантинде жатқан жұмысшылар шу шығарды
Жамбыл облысында Теңіз кенішінен оралып, карантинге жатқызылған жұмысшылар шу шығарды. Наразы топтың айтуынша, жергілікті билік оларға мүлдем жағдай жасамай, қорлаған. Орналасқан жерде санитарлық тазалық жоқ, ас-су да дұрыс берілмейді дейді. Бақылаудағы жандардың хәлі мүшкіл ме, жауаптылар не дейді?
Автор: Руслан Әбдіхалық
06.05.2020
- Тамақ, суды өзіміз сатып әкеліп жатырмыз. Төсек қатты тақтай, белді ауыртады. Қарнымыз тоймағандықтан, бичпакет әкеп жатырмыз.
Карантинге жатқызылғандар: «Бізден гөрі түрмеге түскендердің жағдайы тәуір» - дейді. Уәж айтқандар – Атыраудағы Теңіз кенішінің жұмысшылары. 180 адам 29 сәуірде Жамбылға жеткізілген. Тең жарымы Тұрар Рысқұлов ауданындағы шипажайға орналастырыпты. Олардың айтуынша, мұнда санитарлық талап сақталмаған, тіпті жылы судың өзі тапшы.
- Анализ тапсырдық, ертесіне қасымыздағы кісілерді үйіне қайтарып жіберді де, бізді алып қалды. 37 кісі қалдық, не укол салып, не дәрі беріп жатқан жоқ.
37 адам вирустан «аманбыз» дейді. Бірақ сонда да, үйге жібермеуін түсінбей отыр. Ал күні кеше қатарға шетелден келгендер қосылған.
- Шетелден, бес мемлекеттен 60 адам келіп жатыр.
- Бұларды бізге әкеліп жатқызып жатыр. Екінші қабатқа тығып.Оларда инфекция бар-жоғын білмейміз. Бір ғимараттамыз. Бір табақтан тамақ ішеміз. Табағымыз араласып жатыр. Ыдысқа дейін. Бұл жерде жағдай жоқ.
Наразы топ «індет жұға ма?» деп қауіптенеді. Ал жауаптылардың айтуынша, екі күн бұрын Еуропа елдерінен 165 жолаушы келген. Олар білім қуып, емделіп немесе жұмыс бабымен жүргендер. Арасында 29 қырғыз азаматы бар. Айырқалпақты ағайындар ұшақтан түскен бойда еліне қайтқан.
Ал қалған 136 қазақстандық оқшауланыпты. Бірақ бірде-біреуінен вирустың белгілері анықталмаған. Сондықтан олардан ауру жұғады деп деп даурығу негізсіз дейді.
Хамит Мырзақасымов, Жамбыл облыстық ДСБ басшысының орынбасары:
- Бұлардың нәтижесі теріс көрсеткіш көрсетті. Қазір оларды өз облыстарына қайтару жұмысы жүріп жатыр. Жақын өңірлердегілер өз көлігімен алып кетуде, ал алыс облыстағылар бүгін-ертең жіберіледі.
Шенеунік бақылаудағылардың «уәжі орынсыз» деген пікірде. Оның айтуынша, шипажайда барлық жағдай жасалыпты. Ал көптің карантинге алынуына 180 жұмысының 19-нан індет шығуы себеп. Сондықтан олармен байланыста болған 37 адам оқшуланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!