Жалпы жағдай: COVID-19 қай облыста өршіп барады
Атырау облысында коронавирус індеті өршіп барады. Әсіресе Теңіз кен орнында ауру жұқтырғандар саны күрт артқан. Бүгінге дейін мұнда 160-тан астам жұмысшының COVID-19-бен ауырғаны анықталды. Сондықтан облыстық штабтың шешімімен Теңіздегі вахталық қалашық 14 күнге карантинге жабылды. Яғни екі апта бойы бұл жердегі жұмысшылар ешқайда шыға алмайды. Ал Алматыда кесел жұқтырған тағы бір науқас көз жұмды. Сонымен, елде коронавирус құрбандарының саны 30-ға жетіп отыр.
Автор: Диас Нұрақын
06.05.2020
Атырау облысы ауру ең көп таралған үш қаланың қатарына қосылды. Мұнайлы астанада коронавирусқа шалдыққандардың көбі – Теңіз кен орнының жұмысшылары. Бүгінге дейін бұл жердегі 160-тан астам адамнан COVID-19 вирусы анықталған. Сондықтан облыстың бас санитары вахталық қалашықты 14 күндік карантинге жапты. Тіпті індет ошағында 300 орындық провизорлық стационар дайындалып, жұмысшылардың кешкі сағат 9-дан таңғы 5-ке дейін еркін жұрып-тұруына тыйым салынған. Енді мұнда өндірістің шұғыл қажеттіліктерін қамтамасыз ететін, жұмысшыларды алып кететін және азық-түлік тасымалдаушылардан бөлек бөгде адамдардың кіріп-шығуы шектеледі.
Алмагүл Көшкімбаева, Атырау облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментінің бас маманы:
- Теңіз кенішінде індеттің тез таралуына байланысты ерекше карантиндік режим енгізілді. Мұнайшылардың жұмыстан тыс уақытта өзара қарым-қатынасы шектеліп, вахталық қалашықтағы азаматтардың дене қызуы күніне екі рет өлшеніп тұрады. Covid-19-ға сынама-тест жасалмаған қызметкерлердің кеніш аумағынан шығуына жол берілмейді.
Індет батыстағы тағы бір қалада дендеп барады. Ақтөбеде кесел жұқтырғандар саны 200-ге жақындап қалды. Өңірде дертке душар болғандардың жартысынан көбі блок-бекеттер мен көшеде кезекшілікте жүрген тәртіп сақшылары мен олардың туыстары. Осыған дейін бір күнде алпыс полицейден вирус табылған еді. Енді қауіпті дерт олардың жақындарымен көрші-қолаңына да жеткен.
Нұрсұлу Беркімбаева, Ақтөбе облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментінің басшысы:
- Бір бала 2015 жылғы. Ересектер 1946-49 жылғы, 1951 жылғы. Екеуі жақын қарым-қатынаста болған тумалары, үшеуі сол подъездің тұрғындары.
Ал елімізде ең аз ауру тіркелген – Шығыс Қазақстан облысы. Мұнда вирус жұқтырғандар саны 30 адам. Сондықтан облыс билігі карантиндік режимді жұмсартып, тұрғындардың 7-10 мамыр аралығында саяжайға баруына рұқсат берді. Яғни іші пысқан жұрт тек мереке күндері ғана жеке көлігімен рұқсат қағазының жұп немесе тақ күніне қарамастан жүре алады. Бірақ блок-бекеттерден өтемін деушілер бау-бақша серіктестігінің мүшелік кітапшасын көрсетуі тиіс. Ел бойынша да, коронавирустан жазылып шыққандар саны артып келеді екен.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы:
- Қазір 1279 науқас жазылып, үйіне жіберілді. Станционарда 2897 адам емделіп жатыр. Олардың 85 пайызы – қалыпты, 14 пайызы – орташа қалыпты жағдайда және 25 науқастың жағдайы ауыр. Ал 6 науқас өте ауыр жағдайда. Оның ішінде 7 сырқат жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Ал коронавирустан көз жұмғандар саны 30 адамға жетті. Бүгін қауіпті кеселден 68 жастағы Алматы тұрғыны қайтыс болды. Елімізде коронавирус жұқтырғандар төрт жарым мыңға жуықтап қалды. Алғашында Денсаулық сақтау министрі 3500 адам індет жұқтырады деп болжаған еді. Бұл белесті басып өттік. Енді мамандар кеселдің кесірі 5 мың адамға тиеді деп отыр. Апта соңына дейін сүреңсіз статистиканы қуып жететін түріміз бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!