Экономистер: Арзан тауар қымбаттап, азық-түлік бағасы күн санап өсе береді
Жұрт карантин басталғалы азық-түлікке бұрынғыдан әлдеқайда көп ақша жаратып жатыр! Халықтың 81 пайызының тамаққа жұмсайтын шығыны артыпты. Тіпті бар тапқан-таянғанын тек азық-түлікке жұмсап жатқан отбасылар көп. Мұны арнайы сауалнама жүргізген Ipsos компаниясының мамандары анықтаған. «Жағдайға жұрттың карантинде жатуы ғана емес, азық-түлік бағасының еселеп қымбаттауы да себеп», - дейді экономистер.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
07.05.2020
Қазір Алматыдағы базар мен супермаркеттерде адам көп. Жұрт қолда бар ақшасына азық-түлік алып жүр. Басқа шығындарын әзірше шектеуге тура келген. Өйткені онсыз да табыс жоқ кезде азық-түлік бағасы қымбаттап барады.
Ерқанат Қайымбаев, Алматы қаласының тұрғыны:
- Тек қолда бар ақшамызды қысып ұстап отырмыз. Дәрі-дәрмекке, азық-түлікке. Картопты күнде аламыз, ол шамамен 100-150 теңге болатын, қазір 250-280 теңге. Сонда азық-түліктің бәрі 20 пайызға қымбаттап кеткен.
Содан болар, тұрғындардың 80 пайыздан астамы тамаққа бұрынғыдан әлдеқайда көп ақша жаратуға мәжбүр. Қалған ақшасын дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралына жұмсайды. Алайда бұл тауарлардың да бағасы аспандап кеткен. Әсіресе зейнеткерлердің қалтасына ауыр тиюде.
Жұмахан Әубәкірова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Әсіресе дәрі қымбат, дәріге ақша жетпей жатыр. Мысалы, мен бүгін 12 мың теңгеге дәрі алдым.
Сондықтан тығырыққа тірелген тұрғындар ең арзан өнімдерді тұтынуға көшіп жатыр. Мәселен, карантиннің бастапқы кезінде ірі супермаркеттерде консервіленген етке деген сұраныс бес есе, қантқа үш жарым есе, ұнға үш есе артса, қазір тауарлардың ең төменгі бағадағы түрлері тез өтуде.
Дмитрий Шишкин, супермаркеттер желісінің пиар-менеджері:
- Әлдеқайда арзан тауарларға сұраныс артты. Мәселен, ең төмен бағадағы ұн мен макарон өнімін жұрт жаппай сатып алды. Ал бағасы қымбаттары қалып қойды.
Енді арзан деген тауардың арзан болмайтын түрі бар. Өйткені азық-түлік күн санап өсе береді дейді экономистер. Әлемдік экономикалық дағдарыс пен пандемияның тұспа-тұс келуі жағдайды одан бетер ушықтырған. Сондықтан тек азық-түлік емес, басқа да тауарлардың құны күні ертең еселеніп шыға келеді деп болжап отыр мамандар.
Әкімжан Арупов, экономика сарапшысы:
- Бағаның өсуі әрі қарай жалғасады деп ойлаймын. Отандық азық-түлік тауарлары өндірісін арттыруға көңіл бөлмесек, өзіміз отандық өнімдерді сатып алмасақ, қымбатшылық бола береді. Сондықтан осыған мән беруіміз керек.
Тапқан-таянғаны тамақтан артылмайтын тұрғындар жағдайдың тезірек тұрақталғанын тілеумен ғана жүр. Ал қандай да бір табысы бар тұрғындардың бір бөлігі табиғат аясында демалуды армандайды екен. Сауалнамаға қатысқандар ондай демалыстан ақша аямаймыз деп жауап берсе, респонденттердің 34 пайызының киім-кешек алуды аңсап жүргені белгілі болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!